Ипотека немесе үй салу: артықшылығы мен кемшілігі неде?

Жарияланды
2024 жылы құрылыс материалдарының бағасы 5,3%-ға, ал ағаш – 15,6%-ға өскен/Фото: shutterstock

Ипотека немесе үй салу мәселесі отбасын құрған кез келген адамды мазалайтыны анық. Баспаналы болу – қазақстандықтар үшін жетістіктің, отбасылық бақытқа қол жеткізудің бір көрінісі.

Батыс елдеріндегідей, өмір бойы пәтерде тұру қазақстандықтар үшін сөкеттілік саналады. Сондықтан бұл сұрақ Қазақстанда әрқашанда өзекті. Ипотекаға үй алған дұрыс пе, әлде қолыңда бар қаражатыңа құрылыс бастаған жөн бе? Қазақстандағы нарық жағдайында қайсысы тиімдірек? Kursiv.Media бұл сауалдарға жауап іздеп көрді.

Алдымен нені ескерген жөн?

Жалпы елімізде құрылыс материалдарының құны өсіп жатқаны құпия емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы құрылыс материалдарының бағасы 5,3%-ға, ал ағаш – 15,6%-ға өскен.

Ипотека немесе үй салу арасында таңдау жасаған адам, ең алдымен, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін екшеп алғаны жөн. Қаржылық жағдайыңыз, кететін уақыт, бспанаңыздың орналасқан жері, яғни қолайлылығын сараптап, болашақтағы шығындарыңызды есептеп көрген абзал.

Үй салудың қызығы

Болашақ үйіңіздің құрылысын бастаудың өз артықшылықтары бар. Құрылыс шығындарын өзіңіз есептейсіз. Үйді өз бюджетіңізге қарай салуға, құрылыс материалдарын таңдауға мүмкіндік болады. Жер телімі де өзіңізге тиесілі болады. Ағаш, көкөніс, гүл өсіріп, аулаңызды қалауыңызша, өзгерте аласыз.

Құрылысты қалауыңызға қарай жобалай аласыз. Бөлмелерді де қаражатыңызға қарай жоспарлайсыз. Жер үйдің коммуналдық шығындары аз. Жеке үйде жылу жүйесін, қуат пен суды үнемдеуге болады.

Құрылыстың шыжығы

Десе де, құрылыс бастаудың кемшіліктері де бар. Үй салуға ұзақ уақыт қажет. Қаражатыңыз көп болса, әрине, қысқа мерзім ішінде салып алуға болады. Әдетте, қазақстандықтардың дені құрылысты жылдар бойы салатыны ақиқат.

Нарықтағы құрылыс материалдарының да бағасы ұдайы құбылып тұрады. Бастапқы есебіңізден көп қаражат жұмсауыңыз ықтимал. Құрылыс салуға рұқсат құжаттарын алуға да көп уақыт жұмсауға тура келеді.

Басты түйткілдің бірі – үйді орталықтан алыс, қаладан сырт жерден салуға тура келеді. Мәселен, ірі қалаларда бос жер табу қиынның қиыны. Табылған күннің өзінде екінің бірінің сатып алуға мүмкіндігі бола бермейді.

Ипотекаға сатып алу несімен жеңіл?

Ипотекаға баспана сатып алудың да жеңіл тұстары бар. Бастысы – дайын үйге кіресіз. Құрылыс жұмыстарының машақатын тартпайсыз. Үй салатын адамға қомақты қаражат керек. Ал ипотекаға көп  қаражатсыз, банктен қарыз ала аласыз. Төлемдерді ұзақ жыл бөліп төлейсіз.

Ипотеканың артықшылығы, дәріханасы, ауруханасы, дүкендері, мектебі, балабақшасы жақын жайлы қала орталығынан пәтер немесе үй алуға болады. Құжат рәсімдеу де оңайға түседі. Ипотеканы рәсімдеу жеткілікті.

Ипотеканың салмағы

Дейтұрғанмен, ипотеканың да жағымсыз тұстары бар. Басты кемшілігі, әрине, артық төлем. Ипотекалық несие бойынша банкке артық пайыз төлеуіңіз қажет. Оның үстіне, банктердің қоятын өз талабы бар. Сол үдеден шыға алуыңыз керек. Айталық, несие тарихы, тұрақты табыс, төлем қабілеті және тағысын тағылар.

Жылдар бойы ай сайын төлейтін төлем де оңайға соқпайды. Әсіресе, жұмыссыз қалсаңыз немесе ауырып қалсаңыз, жығылғанға жұдырық болуы ғажап емес. Өйткені, 10 жыл мен 25 жылдың ішінде алда не боларын болжап білу қиын.

Оның үстіне, коммуналдық шығындардың құны жиі қымбаттап келеді. Жылу, су, жарық және қызмет түрлері қалтаңызға біршама салмақ түсіреді.

Қандай таңдау жасау керек?

Сонымен, таңдау жасар алдында шамаңызды, ипотека мен үй салудың жақсы-жаман қырып саралап алған жөн.

Ұзын-сөздің қысқасы, қаражатыңыз жеткілікті болса, ұзақ уақыт күте алуға жағдайыңыз көтерсе, үй салу тиімдірек. Ол үшін орталықта емес, қала маңында тұруға әзір боласыз.  

Сізге немесе отбасыңызға қала орталығында немесе қаланың ішінде тұру маңызды болса, ипотекаға үй алу ыңғайлы болады. Тек ұзақ жыл бойы бөліп төлеу керек екенін жадыңызда ұстағаныңыз жөн. Мұның алдында тұрғын үйді бөліп төлеу арқылы сатып алған қаншалықты тиімді екені туралы толық мағлұмат берген едік.

Ипотека немесе үй салу керек пе? Таңдау еркі өзіңізде.

Сондай-ақ оқыңыз