Жаңалықтар

Путин Зеленскиймен келіссөз жүргізуге дайын – Песков

Путин
Путин «кез келген адаммен» келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізген./Фото: Кремль

Владимир Путин және Владимир Зеленский кездесуі мүмкін. Кремль Путиннің Зеленскиймен келіссөз жүргізуге дайын екенін хабарлады. Алайда оның «заңдылығына байланысты құқықтық аспектілерді» ескеру қажет.

Песков не деді?

Коммерсантътың жазуына қарағанда, бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеген. Ол Путиннің бұрын жасаған мәлімдемелеріне назар аударды.

«Путиннің өзі бірнеше рет қажеттілік туындаса, Зеленскиймен келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты. Алайда келісімдердің құқықтық бекітілуі үлкен талқылауды қажет етеді. Өйткені Зеленскийдің заңдылығы күмән тудырады», – деді Кремль өкілі журналистерге.

Айта кететін жайт, бұған дейін Владимир Путин Украина президентінің «заңсыз» мәртебесіне байланысты оның бейбітшілік келісіміне қол қою құқығы жоқ екенін айтқан болатын. Дегенмен, Ресей «кез келген адаммен» келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізген.

Зеленскийдің ұстанымы

Ал Зеленский Мюнхен қауіпсіздік конференциясында «тек бір ғана ресейлікпен – Владимир Путинмен кездесу» мүмкін екенін айтқан. Бірақ Украина президентінің сөзінше, бұл келіссөздер Батыс елдерімен келісілген бейбітшілік жоспарына сәйкес өтуі тиіс.

Зеленскийдің бес жылдық өкілеттік мерзімі 2024 жылғы 21 мамырда аяқталды. Алайда Украинада әскери жағдайға байланысты президенттік сайлау өткізілген жоқ. Ресей президенті Путин Зеленский жайлы сөз болғанда мұны ұдайы еске салып отырады.

Владимир Зеленский Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей арасында өтіп жатқан келіссөздер туралы пікір білдірген еді. Оның айтуынша, Украина бұл бас қосуға қатысудан бас тартады. Сонымен қатар, аталған екі ел арасында жасалған келісімдерді мойындамайды.