Жаңалықтар

АҚШ пен Ресей Украинаға не ұсынып отыр

Переговоры США и России
Ресей мен АҚШ делегациясы Эр-Риядтағы кездесуде / Фото: via REUTERS

Ресей мен АҚШ делегациясы Сауда Арабиясында өткізіп жатқан кездесулерінің бірінші бөлігін аяқтады. АҚШ Мемлекеттік департаменті Эр-Риядтағы келіссөздерден кейін екі тарап жалпы халықаралық мүдделер бойынша серіктестік орнатуға келістік деп мәлімдеді.

Бұл кездесу – Ресей Украинада соғыс бастағаннан бергі ең ірі келіссөздер. Reuters-тің жазуынша, АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл жиынды «алға жылжуға маңызды қадам» деп атады. Екі тарап даулы мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құруға келіскен.

Ал ресейлік делегацияның құрамындағы Ресейлік тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриев Ресей мен АҚШ өкілдері экономикалық серіктестіктің болашағын, энерготасымалдаушылардың әлемдік бағасын талқылаған. Дмитриевтің айтуынша, Вашингтоннан келген делегация америкалық бизнес ресейлік нарықтан кеткеннен кейін, 300 млрд доллардан айырылғанын біліп «қатты таңғалған».

Украинаға не ұсынады?

Әзірге екі тарап өкілдері Украинадағы соғысқа қатысты жоспарларын ресми мәлімдемеді. Fox News телеарнасының хабарлауынша, АҚШ пен Ресей Украинадағы жағдайды реттеу үшін арнайы жоспар ұсынып отыр. Ол үш кезеңнен тұрады:

  • бітімге келу
  • Украинада сайлау өткізу
  • осыдан кейін келісімге қол қою

Украина президенті Владимир Зеленский Киев келіссөздерге қатыспаған жағдайда АҚШ пен Ресей тек екіжақты қарым-қатынасын ғана талқылай алады деген еді.

Бұған дейін Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин Зеленскиймен кездесуге дайын деп хабарлаған.