Каспий құбыры консорциумында қазақстандық мұнайға еш кедергі жоқ – Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі Каспий құбыры консорциумындағы (КҚК) жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның түсіндіруінше, қазақстандық мұнайдың тасымалдануына ешбір кедергі жоқ.
«Қазіргі уақытта КҚК тарапынан қазақстандық мұнайға ешбір шектеу жоқ, барлығы графикке сай қабылданып жатыр. «Теңіз-Новороссийск» магистралді мұнай құбыры 2025 жылдың 17 ақпанында Мәскеу уақытымен 02:50-де транзитті режимде іске қосылды. Бірақ «Кропотинская» мұнай өңдеу станциясы қатысқан жоқ», – деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.
17 ақпанда КҚК жүйесіндегі «Кропоткинская» мұнай айдау бекетіне жеті әскери дрон шабуылдаған. Осыдан кейін Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесінде мұнай тасымалы шектеліп, станция жұмысы тоқтаған еді.
КҚК-ның ресейлік акционері өкілі мұнай бекетін қайта қалпына келтіру үшін екі айға жуық уақыт кететінін айтқан.
«КҚК мамандарының пікірінше, осы соққының зардаптарын жоюға 1,5 айдан 2 айға дейін уақыт кетеді. Соған байланысты Қазақстаннан мұнай айдау көрсеткіші шамамен 30 пайызға қысқаруы мүмкін», – деп мәлімдеді «Транснефть».