Қазақстанда Мажарстан банктерінің филиалдары ашылады

Қазақстан мен Мажарстан жалпы құны 70 млн доллардан асатын 16 жобаны жүзеге асырмақшы. Олардың арасында мажарстандық банктердің филиалдарын ашу, мұнай тасымалын арттыру деген жоспарлар бар. Бұл туралы Сыртқы істер министрі, премьер-министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу айтты.
Бұл жоспарлар Венгрияның сыртқы экономикалық байланыс және сыртқы істер министрімен Петер Сийяртомен кездесуінде айтылды.
«Болашақта Қазақстанда венгр банктерінің филиалдарын ашу, Будапештте мультимодальдық терминал құрылысы, Венгрияға мұнай мен мұнай өнімдерінің тасымалын ұлғайту көзделген. Сондай-ақ жақында құрылатын инвестициялық қор осы жаңа бастамаларға жақсы қолдау болады. Жалпы алғанда елдер арасындағы стратегиялық серіктестік – шығыс пен батысты жалғастыратын алтын көпір. Сауда мен инвестицияға жол ашады», – дейді Мұрат Нұртілеу кездесуде.
СІМ басшысының сөзінше, Қазақстан мен Венгрия арасындағы сауда айналымы 4,4%-ға өсіп, 200 млн долларды құрады. Болашақта бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізу деген жоспар бар.
Былтырдан бері Қаржы нарығын реттеу агенттігі (ҚНРДА) Қазақстанға шетелдік банктерді көптеп тартуға кірісті. 2024 жылы наурызда ҚНРДА Қытай, Оңтүстік Корея және Түркияның ірі банктерімен филиалдар ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған еді.
Шетелдік банктер келу үшін Қазақстан заңнамасына да өзгерістер енгізбекші. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова түсіндіруінше, енді банктер Қазақстанда бөлімше ашу үшін керек процестер жеңілдей түседі, құжаттар саны азаяды. Ал шетелдік банк бөлімшесінің активіне қойылатын шекті талап 20 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін азаяды.