Шерзат Полат ісі: күдіктілердің туған күн тойлаған видеосын изолятор қызметкері түсірген

Жарияланды (жаңартылды )
Полиция Шерзаттың әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғады
Фото: shutterstock

Ішкі істер министрлігі Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторындағы (УҰИ) видеоның таралуына қатысты қылмыстық іс қозғады. Нәтижесінде 16 қызметкер мен басшы қатаң тәртіптік жазаға тартылды, бір адам жұмысынан босатылды.

Шерзат Полаттың өліміне күдіктілердің туған күн тойлаған видеосын уақытша ұстау изоляторының бұрынғы қызметкері түсірген. Ол өзінің жеке телефонын пайдаланған. ІІМ хабарлауынша, қызметтік тәртіпті өрескел бұзған ол қызметкер шенінен айырылып, теріс себеппен жұмысынан қуылды.

Ал уақытша ұстау изоляторының басшысы лауазымынан босатылды.

«Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. ІІМ мұндай бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік танытып, қатаң тосқауыл қояды. Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді», – деп жазылған құзырлы органдар таратқан хабарламада.

Бұған дейін әлеуметтік желіде изоляторда туған күн тойлап, ән салған видео тарап еді. Шерзат Полаттың адвокаты Саида Тәуекелованың сөзінше, бейнедегі адамдар – жасөспірімнің өліміне қатысы бар деген күдіктілер.

Қорғаушылар Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің жұмысын сынға алып, прокуратураға хат жіберді.

Сондай-ақ оқыңыз