Ұлытауда қайтыс болған шахтерлердің отбасына қандай көмек беріледі

Жарияланды (жаңартылды )
«Қазақмыс» шахтасындағы апатта жеті жұмысшы қаза тапты / Фото: kursiv.media мұрағаты
«Қазақмыс» шахтасындағы апатта жеті жұмысшы қаза тапты / Фото: kursiv.media мұрағаты

«Қазақмыс» шахтасында қайтыс болған жұмысшылардың отбасына мемлекет тарапынан көмек беріледі. Оның көлемі марқұмның асырауында отырған адамдар санына және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, қаза тапқан барлық шахтер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары. Сондықтан оларға мемлекеттік жәрдемақымен қатар отбасыларына асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер беріледі.

Мысалы, шахтердің асырауында бір адам ғана болса, ол отбасына бюджеттен 42 530 теңге, ал МӘСҚ-тен 141 523 теңге төленеді. Егер асырауындағы адам бесеу болса, бұл сома сәйкесінше 127 127 теңге және 335 017 теңгені құрайды. Бұл төлемдер бала 18 жасқа толғанға дейін, ал егер ол күндізгі бөлімде оқыса – 23 жасқа дейін жүргізіледі.

Сонымен қатар отбасылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жерлеу рәсіміне арналған 369 608 теңге (94 АЕК) мөлшерінде біржолғы төлем алады.

«Қазақмыс» компаниясы да ұжымдық шартқа сәйкес көмек береді:

  • Жерлеу рәсімін ұйымдастыруға 550 АЕК (2 162 600 теңге);
  • Қаза тапқан қызметкердің 10 жылдық еңбекақысы (84-тен 124 млн теңгеге дейін);
  • Отбасыларға ай сайынғы төлемдер;
  • Балалардың оқу ақысын төлеу;
  • Қаза болған қызметкерлердің несиелері мен қарыздарын өтеу.

Еске салайық, кеше Ұлытау өңірінде «Жомарт» кен орнында апат болып, жеті кенші қайтыс болды. Премьер-министр Олжас Бектеновтың тапсырмасымен апат себебін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі арнайы комиссия құрылды.

Сондай-ақ оқыңыз