«Бір құбырға тәуелділік»: Каспий консорциумына шабуыл балама бағыт қалмағанын көрсетті

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
КТК, атака дронов, нефть
Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80 пайызы КҚК арқылы тасымалданады / фото: shutterstock

«Транснефть» Каспий құбыр желісі консорциумымен (КҚК) қазақ мұнайын айдау көрсеткіші шамамен 30%-ға қысқаруы мүмкін екенін ескертті. Артынша Қазақстан энергетика министрлігі «отандық мұнайға шектеу жоқ, қабылдау кестеге сай жүзеге асады» деп мәлімдеді.

Қалай дегенмен, 17 ақпанда консорцуимның «Кропоткинская» мұнай айдау станциясының жеті бірдей әскери дрон шабуылына ұшырап, 1,5-2 айға істен шығып қалуы жылдар бойы айтылып жүрген мәселені тағы көтерді. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан экономикасы мұнай экспортына, одан қалды бір ғана мұнай құбырына тәуелді болып барады.

Каспий құбырына тәуелділіктің еселеп артуы

2001 жылы Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) іске қосылған уақытта Қазақстанның ондағы үлесі әлдеқайда төмен болды. Содан бері біз бір ғана мұнай құбырына ықпалды барынша бере бастадық:

2013 жылы Қазақстан елде өндірілген мұнайдың 40 пайызын ғана КҚК-мен сыртқа шығаратын. Он жылда бұл көрсеткіш 80 пайызға жетті, яғни Каспий құбырына тәуелділік екі есе өсті.

«Жеткен жеріміз – енді Қазақстанда осыншама көп мөлшерде мұнай айдайтын басқа құбыр жоқ. Белгілі бір мөлшерін ғана басқа бағытқа жібере аламыз.

Елде өндірілетін мұнайдың 15 пайызы Атырау-Самара құбырымен, яғни ол да Ресей арқылы экспортталады. Айналып келгенде, қазақ мұнайының 95 пайызы Ресей аумағы арқылы өтетін құбырлармен ағады.

Қалған 5 пайызы ғана Қытайға немесе «Баку – Тбилиси – Жейхан» арқылы нарыққа шығады», – деді мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов Kursiv.Media-ға.

Консорциумдағы 18 станцияның 16-ы Ресей Федерациясы аумағында орналасқан / карта: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зарипов

Қауіп пен құрғақ уәде

Energy Analytics Telegram-арнасы авторының пікірінше, Астананың Каспий консорциумына қатты сенгені сонша, кейінгі 20 жылда қауіпті болжайтын менеджмент жүргізбеген.

«Оның қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Каспий құбыр желісі бойында 18 мұнай айдау станциясы болса, соның 16-ы Ресей аумағында орналасқан. Геосаяси мәселе шешілмейінше, қауіп әрдайым туып тұрады», – деп есептейді сарапшы.

Мамандар Қазақстанға КҚК-ға балама бола алатын жол іздеу қажеттігін айтып жүргеніне көп уақыт болды. Тіпті, 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайды Каспий теңізімен Баку мен Махачкалаға көптеп жеткізуді, бұған қоса Атырау облысында ірі мұнай қоймасын салуды тапсырған.

«Дәл қазір КҚК-ға балама жоқ. Бірақ, мемлекет басшысы ұсынғандай, «Баку – Тбилиси – Жейханмен» тасылатын мұнай көлемін 20 млн тоннаға дейін кеңейту жоспары бар. 2024 жылы осы бағытта 1,5 млн тонна ғана мұнай экспортталған. 5-6 млн тоннаға дейін көтеруге болады. Бірақ 20 млн тонна жоспарын орындау үшін Ақтау портын кеңейтуге тура келеді», – дейді Нарымбетов.

Мұнай-газ сарапшысының пікірінше, Қазақстан үкіметіне жіберген қателіктерден сабақ алып, сөзден іске көшетін уақыт жетті.

«Сәтті диверсификацияның ең басты қағидасы – бүкіл жұмыртқаны бір себетке салма. Қаражатты да бір валютаға сақтауға болмайтыны секілді, мұнай құбырларының да баламасы болуы керек.

Бір ғана бағытқа тәуелді болу – сәтсіздікке ұрыну мүмкіндігін арттырады. Бірнеше бағытқа тарайтын баламалы жолдарды дамыту керек. Бәрі түсінеді, бірақ іске аспай қала береді. Әлі де кеш емес», – дейді сарапшы.

Каспий құбыр желісі консорциумы Қазақстан, Ресей, АҚШ және Батыс Еуропадағы бірқатар елдің ірі кәсіпорындарын біріктіреді. 

Сондай-ақ оқыңыз