
Атом энергетикасына сұраныс күрт артып, Батыстағы энергетикалық топтар реакторларына қажетті уран тапшылығын көре бастады. Бұл туралы Financial Times жазды.
Қытай мен Ресей уранға таласта Батыс елдерін ығыстырып шығарды
Тұрмыстағы электр құрылғыларынан бастап мәліметтерді зерделеу орталықтарына дейін қуат сұрайды. Соған байланысты әлемде ядролық энергетикаға сұраныс қарқынды өсіп келеді.
Ядролық реакторларға қажетті металды әлем нарығына жеткізетін ең ірі өндіруші – Қазақстан. Қазақ уранының Ресей мен Қытайға көбірек сатылуы Батыста дефицит туғызды, деп жазды FT.
«Ресейлік және қытайлық ойыншылар Орталық Азия және Африкадағы ресурстардан оңайлықпен айрылғысы келмей, өте агрессивті бәсекеге толы жағдай қалыптастырды», – дейді Strategic Intelligence өкілі Бенджамин Годвин.

«Біз шикізат тапшылығына тап болдық, бірақ оны көбі түсіне бермейді», – дейді әлемде уран саудасымен айналысатын канадалық Cameco компаниясының вице-президенті Кори Кос.
Фукусимадағы апаттан соң әлем нарығында уран көбейіп, кейінгі он жылда қор біртіндеп сарқылды.
Уран және Қазақстан
Қазақстан әлем нарығына шығатын уранның шамамен 40 пайызын беріп отыр. АҚШ стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) мәліметінше, 2023 жылы «Қазатомөнеркәсіп» сатқан уранның шамамен үштен екісін Ресей мен Қытай сатып алған.
Салыстырар болсақ, сол жылы АҚШ, Канада, Франция және Ұлыбританияға қазақ уранының бар болғаны 28 пайызы ғана бұйырған. Мәселен, 2021 жылы осы аталған төрт ел Қазақстанда өндірілген уранның 60 пайызын сатып алған.
«Уран өндірісі – біз аса мән бермей отырған кемшілік», – дейді CSIS директоры Грейселин Баскаран.
Батыс елдерінің уран тапшылығына ұрынуының тағы бір себебі – Нигердегі саяси өзгеріс. Африкадағы осы елде 2023 жылғы маусым айында әскери төңкеріс болып, батыс елдерінен сырт айналған жергілікті билік 2024 жылы уран экспорттамай қойды. Оған дейін Нигер Еуроодақ елдерін уранмен қамтамасыз етіп келген.
Естеріңізге сала кетейік, осы аптада «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» Швейцария атом станциялары үшін уран жеткізетінін мәлімдеді.
Қазақстан Швейцарияның атом станциялары үшін уран жеткізеді. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» швейцариялық Axpo Power AG және Kernkraftwerk Leibstadt AG (KKL AG) компаниясымен осындай келісімге келген.
Биыл ақпан айының басында республикадағы уран кен орындарын барлаудың басым құқығы «Қазатомөнеркәсіпке» берілетіні мәлім болды. Жақында ғана осы компания Инкай-Мыңқұдық учаскесінде уран барлау құқығын иеленді.