«Қазақмыстағы» апат: жеті кеншінің денесі табылды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
«Қазақмыс» шахтасындағы апатта жеті жұмысшы қаза тапты / Фото: kursiv.media мұрағаты
«Қазақмыс» шахтасындағы апатта жеті жұмысшы қаза тапты / Фото: kursiv.media мұрағаты

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Жомарт» кенішіндегі іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар тобы «Қазақмыс» корпорациясының жеті жұмысшысының денесін тапты.

Олардың жеке басының ақпараты анықталып жатыр деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі. Таңғы сағат 8:00-ден кейін құтқарушылар жетінші адамның да денесін тапты.

Министрлік мәліметінше, қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр.

«Жаңаарқадағы» апатқа байланысты арнайы комиссия құрылды / фото: ТЖМ

Үкімет комиссия құрды

Бұл уақытта премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысында шахтадағы апат себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі арнайы комиссия құрылды.

Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды. Вице-премьерге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіру үшін апат орнына шұғыл түрде бару тапсырылды.

ТЖМ мәліметінше, Ұлытау және Қарағанды облыстарының құтқарушылары оқиға орнында жұмыс істеп жүр. Кенiштегi апат салдарын жоюға көмек көрсету үшін қосымша «АСС Серіктес» компаниясының құтқарушылар тобы жіберілді.

ТЖМ командалық орталығының, Ұлытау облысы ТЖД базасында және оқиға орнында жедел штабтар жұмыс істейді. Ақпарат алу үшін «жедел желі» жұмысы ұйымдастырылды: 8 (7172) 55-96-21.

Орталықта бейнеконференциялық байланыс арқылы авариялық-құтқару жұмыстары бойынша жедел штабтардың іс-қимылдары үйлестірілді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков, Ұлытау облысы ТЖД бастығы Есен Байыров, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Кеңгірбай Есенеев оқиға орнында жүр.

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда кешке «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішінде апат болып, жеті адам үйінді астында қалды. Ресми дерекке сүйенсек, 640 метр тереңдіктегі шахтада тау жынысы опырылып түскен.

Сондай-ақ оқыңыз