Рамазан-2025: ораза туралы білуіңіз керек маңызды жайттар

Жарияланды 18 Ақпан 2025 16:51

(жаңартылды 20 Ақпан 2025 15:26)
Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Рамазан-2025: Ораза туралы білуіңіз керек маңызды жайттар
Рамазан-2025: ораза туралы білуіңіз керек маңызды жайттар / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы қасиетті Рамазан айы 1 наурыздан басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Шариғат және пәтуа бөлімі биылғы діни күндер кестесін бекітіп, жариялаған еді. Соған сәйкес, ораза наурыздың алғашқы күніне түсіп тұр. Дегенмен хижри айлардың басталатын уақыты астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтеріне сүйеніп жасалатындықтан, кесте жаңа ай көрінгеніне байланысты бір күн шегеріліп не алға жылжуы мүмкін. Kursiv.Media тілшісі мұсылмандар үшін қасиетті айды қалай өткізу керегі жайлы маңызды мәліметтерді тізіп шықты.

Рамазан айы һәм ораза қашан басталады?

Мұсылмандарға тақуалық нұры құйылатын бірден-бір ай — Рамазан. Бұл айда береке мол. Өйткені ораза ұстаған адам рухани тазарып, Құран мен дұғаға көбірек ден қояды. Одан қала берді істеген амалдарына іштей есеп беріп, қайырым, мейірім, сабыр сынды қасиеттері толығады. Рамазан айы 29-30 күнге созылып, Ораза айтпен аяқталады. 2025 жылы Ораза айт 30 наурызға бекітілді.  

Рамазан айында қандай дұғалар оқу керек?

Ислам дінінің негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбар: «Ораза ұстаушының ауыз ашқанға дейінгі, әділ басшының және жәбірленушінің дұғасы қайтарылмайды» деген. Осы ретте Оразада ең жиі оқылатын дұғаларды назарыңызға ұсынамыз: 

Ауыз бекітетін кезде оқылатын дұға

Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә». Бұл дұғаның мағынасы мынадай: «Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

Ауыз ашар кезде оқылатын дұға

Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту. Зәхәбә Зома уәбтәллатил-‘уруқ уә сәбәтал-әжру ин шәә Алла». Мағынасы мынадай: «Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Шөл кетті, тамырлар суланды, иншалла, сауабы да жазылды».

Қадір түнінде оқылатын дұға

Бұл дұғаны Рамазан айының соңғы он күнінде көбірек оқыған абзал. «Уа, Алла! Расында, сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр!». Бұл дұға былай оқылады: «Аллаһуммә иннәкә Ъафуун, тухиббул-ъафуа фаъфу-ъанни».

Кімдер ораза ұстамаса болады?

  • Науқас адам. Егер мұсылман адам ауырып, ауыз бекіте алмаса, онда оразасын тоқтата тұрса болады. Бірақ қазасының орнын міндетті түрде толтыруы керек. Сонымен бірге қатты шөл не аштық қысып, соның себебінен өліп қалуы мүмкін болған жағдайда оразасын тоқтатып, кейін қазасын толтырса болады. Бұл жерде ескеру керек маңызды жайт: шыдауға болатын, елеусіз бір ауру болған жағдайда тоқтатуға тыйым салынған.  
  • Сапарда жүрген адам. Жолға шыққан адамның жағдайына, не сапарының қиын-жеңіл болғанына қарамастан, оған аузын ашуға рұқсат етілген. Жолы жеңіл, еш қиындықсыз болса да сапардағы адам намазын қысқартып оқып, ораза ұстамаса болады. Бірақ жолдан келген соң, басқа күндерде оразасының санын толтыруға міндетті. 
  • Қарт адам. Ораза ұстауға шамасы келмейтін, жасы келген адамдарға ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оны өтемесе де болады. Дегенмен ораза ұстамаған әр күні үшін бір кедейді тамақтандыруы керек делінген. Бұл жазылмайтын дертке шалдыққандарға да қатысты. 
  • Жүкті және бала емізетін әйелдер. Егер әйел ауыз бекіту өзіне, не баласына қауіпті деп ойласа, онда оразасын тоқтата алады. Бірақ ұстай алатын болса, қаза қылуға тыйым салынады. Ұстамаған жағдайда кейін қазасын өтеуі керек. 
  • Жас балалар мен ақылынан адасқан адамдар. Жаман істерді жазатын періште баланың кәмелетке толғанынша, ұйықтап жатқан адамның оянғанша және ақылдан адасқан адамның есі жиылғанша істеген істерін жазбайды. Ораза да осы себепті бұл қатарға кіретін адамдарға парыз емес. 
  • Хайызы келіп жатқан және жаңа босанған қыз-келіншектер. Босанғаннан кейінгі қан не етеккірі келіп жатқандар оразадан босатылады. Қазасын кейін өтейді. 

Оразаға дейін не істеп үлгеру керек?

Алдымен ниетті түзеуден бастау қажет. Барынша осы айда сауапты істі молынан істеуге ұмтылыңыз. Ол үшін өзіңізге амалдар кестесін дайындасаңыз болады. Оның ішінде тақуалығыңызды арттыратын істерге қоса, пайдалы әдеттерді де қосыңыз. Бір ай бойы тоқтаусыз істеп үйренсеңіз, дағдыға айналдыру жеңіл бола түседі. Интернеттен Рамазанда айналысуға болатын істер жазылған дайын үлгілер тауып алып, өз ыңғайыңызға бейімдеп алсаңыз болады.

Қаза күндерді өтеу

Былтырдан қалған қаза оразаларыңыз болса, соны міндетті түрде өтеңіз. Одан қала берді физикалық тұрғыда дайындықты да ертерек бастаған абзал. Мысалы, майлы, ащы тамақтардан бастап, кофе, газ сусындарды азайтыңыз. Өйткені бұл сіздің денсаулығыңызды нашарлатып жіберуі мүмкін. Ауырып қалып жатсаңыз, оразаны қаза қылып алуыңыз ғажап емес. Сондықтан оразаға ағзаны барынша ертерек дайындаған абзал болады. Мейлінше мол сауапқа кенелгіңіз келсе, осы айда діни білімге ден қойып, құлшылыққа бет бұрсаңыз құба-құп.    

2025 жылы Қадір түні қай түнге түсіп тұр?

Разаман айындағы ең маңызды түн — Ләйләтүл Қадір. Бұл күні Құран түсірілгендіктен, мұсылмандар бұл түнді ерекше күтеді. Қадір түнінде періштелер жерге түседі. Осылайша күллі жер бетіне береке тарайды. Қадір түнінің нақты қай түн екенін Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ғана білген. Яғни оны белгілі бір күн деп нақты айта алмаймыз. Әйтсе де, Рамазан айының соңғы он күнінің ішінде делінген. 2025 жылғы діни мерекелер кестесіне сүйенсек, қадір түні наурыз айының 26-нан 27-сіне қараған түні болуы мүмкін. Хадистерде бұл түн тыныш, қатты ыстық та, салқын да емес болады деп келтіріледі. 

Құрбан айт қашан тойланады?

Биыл Құрбан айт мерекесі 6-8 маусым аралығына түсіп тұр. Ораза айтты мұсылмандар үш күн қатарынан тойлайды. Айттың алғашқы таңында барлық мешітте Айт намазы оқылады. Одан кейін осы Құрбан айт мейрамының үш күнінің бірінде жағдайы бар мұсылман құрбан шалуға тиіс. Құрбан айт мейрамы Мекке мен Мәдина қалаларында қажылық парызын өтейтін кезеңмен аяқталады. 

Ораза кестесі неге өзгеріп кетуі мүмкін?

Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтары ұсынған деректерге қарай жасалады. Сондықтан пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күнін жаңа ай көрінгеніне қарай бекітеді. Мысалы, былтыр Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымға түседі деп жарияланып, кейін айтқа он күн қалғанда кесте өзгеріп, 16 маусымға ауыстырылған еді. ҚМДБ мұндай жағдай болуы мүмкін екенін әрдайым ескертіп отырады. 

Сондай-ақ оқыңыз