Жаңалықтар

Магеррамов Смирноваға араша түсіп, Батыс елдері әріптесіне буллинг ұйымдастырды деп мәлімдеді

Магеррамов Смирноваға араша түсіп, Батыс елдері әріптесіне буллинг ұйымдастырды деп мәлімдеді/Фото: Parlam.kz

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов «шетелдік агенттер» туралы заң қабылдауды ұсынған әріптесі Ирина Смирноваға қарсы «ұйымдастырылған қудалау» жасалды деп санайды. Оның пікірінше, бұған депутаттың бастамасын қолдамайтын Батыс елдері тапсырыс берген.

Магеррамов желіде Смирнова туралы жалған ақпарат таратып балағаттау мен буллинг науқаны жүріп жатқанын айтады. Ол осыған байланысты құзырлы органдарға арыз түсірілгенін жеткізді.

«Депутатты, әйелді ренжіткен адамдар жауапсыз қалмайды. Арыз түсіріліп қойды, барлығы сараптамаға берілді, барлық қажетті шара қабылданды. Әлеуметтік желілерде жазғанымдай, біз жолдастарымызды бұл қиындықпен бетпе-бет қалдырмаймыз», – деді Мәжіліс кулуарында.

Магеррамов Смирноваға жасалды делінген кибербуллингтің артында шетелдік ұйымдар қаржыландыратын адамдар тұруы мүмкін деп болжайды.

«Бұл қудалауды USAID және олардың прокси-құрылымдары сияқты шетелдік ұйымдардан ұзақ уақыт бойы қаржы алған, әлі де алып жатқандар ұйымдастырды», – дейді депутат.

Бұған дейін депутат Ирина Смирнова елде «шетелдік агенттер» туралы заң қабылдау бастамасын көтерген. Ол шетелден қаржы алушылар қаражатты басқа мақсаттарға жұмсалып жатыр деп бүркемелеп, жасырады деген.