«Мемлекетті сата алмаймын». Зеленский Трамптың ұсынысынан неге бас тартқанын түсіндірді

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың Киевке әскери қолдауының өтеуі ретінде сирек металдардың жартысын беру туралы ұсынысынан бас тарту себебін айтып берді. Бұл туралы Униан басылым хабарлады.
Оның сөзінше, Трамп елдің қауіпсіздігіне кепілдік бермеген.
«АҚШ пайдалы қазбалар туралы құжатта көрсетілгеннің 50%-ын алғысы келді. Бірақ онда қауіпсіздік кепілдіктері туралы бірде-бір сөз жоқ. Онда нақты ештеңе көрсетілмеген. Мен мемлекетті сата алмаймын», – деді Зеленский журналистерге.
Зеленский сондай-ақ Трамптың «АҚШ Украинаға 500 млрд доллар көмек берді» деген сөзін терістеді. Оның айтуынша, соғыс елге 320 млрд долларға түскен.
«Оның 120 миллиардын украин халқы өтеді. 200 млрд-ын Украина мен ЕО. АҚШ-ты жеке қарайтын болсақ, қару түрінде 67 млрд, бюджетті толықтыру түрінде 31,5 млрд доллар берді», – деді ол.
Украина президенті бұдан бөлек халықтың өзіне деген сенімі Трамп айтқандай, 4% деңгейіне дейін төмендеп кетпегенін, соңғы зерттеу 57 пайызды көрсеткенін атап өтті.
АҚШ президенті Дональд Трамп Зеленскийді «соғысты ертерек тоқтату мүмкіндігі бола тұра тоқтатпады» деп айыптап, оны ауыстыруға шақырған. Трамп украин президентіне деген қоғам сенімі 4%-ға дейін түсіп кетті деген дерек келтірген.
Бұған дейін Киев АҚШ Украинаның қауіпсіздігіне кепіл болса, пайдалы қазбаларды Ресейге беруден гөрі, АҚШ-қа беруді құп көретінін білдірген. Артынша Германия канцлері Олаф Шолц Трамптың бұл шартын тым «өзімшіл» деп сынаған болатын.