Блогер болған Дәулет Мұқаев депутаттық қызметі аяқталғаннан кейін немен айналысатынын айтты

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев блогерлердің салықтан жалтару мәселесіне байланысты пікір білдіріп, мандаты ақталған соң «блогерлік жұмысқа ораласыз ба» деген сауалға жауап берді.
Депутат салықтан жалтарды делінген блогерлердің тізімі шындыққа сай, я сай емесін білмейтінін, салық органдарының өзі бұған нақты түсінік бермей отырғанын атап өтті. Алайда ол салық арқылы креативпен айналысуға шектеу қойылмауға тиіс екенін баса айтты.
Сондай-ақ депутат мандаты аяқталған соң, «блогерлікке қайта ораласыз ба» деген сұраққа жауап берді.
Депутат өзінің қызметі блогерлік емес, ағартушылық екенін айтты.
«Блогер деген бірінші кезекте мамандық емес. Менің мамандығым экономист, философия ғылымдарының докторымын. Математиканы үйреткенім бар, Ұлттық университетті бітірген соң, оқытушы болып істедім. Сол қызметімді жалғастыра беремін. Менің бағытым ағартушылық, білім беру, оның ішінде қаржылық сауаттылық бағыты», – дейді ол.
Дәулет Мұқаев депутат болғанға дейін декретке тиімді шығу, баспанаға бағыт іспеттес салалардың сарапшысы ретінде танылып, курс сататын. Ақылы жеке консультациялар, шеберлік сыныптарын өткізетін. Оның курстары өте жақсы сатылды. Депутат сатылған курстардың есеп-қисабы түгел, барлық салықты төлеп отырғанын айтады.
Бұған дейін, Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлікпен айналысатын 543 тұлғаға салық төлемеуіне байланысты ескерту жолдаған. Кейін әлеуметтік желіге осы санатқа кіреді делінген 31 адамның тізімі жарияланып кетті. KursivMedia желіге тараған тізімдегі бірқатар инфлюенсерден пікір алған. Олардың бәрі тараған ақпаратпен келіспейді.