«Феминита» ұйымы төрайымдарының біріне 400 мың теңге айыппұл салынды

Феминита ұйымының негізін қалаушылардың бірі Гүлзада Сержанға сот 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Бұл туралы ұйымның желідегі парақшасында хабарланды.
Мән-жайы
Сот феминисті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабы 9-бөлігіне (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген, сол сияқты қызметі тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасау) сай кінәлі деп тауып, 100 АЕК (393 200 теңге) айыппұл салды.
Феминистер өздерінің қызметіне қарсы топ қоғамдық тәртіпті бұзғанын айтып, сот оларды жазасыз қалдырып, өздеріне айыппұл салғанына наразы.
21 ақпанда ұйымның тағы бір негізін қалаушы Жанар Серкебаеваға қатысты сот өтеді. Ол істе де феминист алдыңғыға ұқсас бап бойынша айыпкер деп танылған.
Оқиғаның басы
Әйелдер, оның ішінде ЛГБТ қауымдастықтың құқығын қорғаумен айналысатын «Феминита» ұйымы, «Адам құқықтары мектебі» атауымен 2023 жылдан бері тренинг өткізіп келеді. Жуырда өткен кезекті тренингке қозғалыс қызметіне қарсы Қазақстан ата-аналар одағының төрайымы Бағила Балтабаева барып, тараптар арасында жанжал шыққан. Нәтижесінде тренинг өтпей қалған.
Артынша оқиға орнына полиция келіп бірнеше фембелсендіні алып кетіп, кейін босатқан.
Тренингте не үйретеді
Ұйым хабарламасында тренингте адам құқығын, оның ішінде лесбиян, бисексуал, квир және транс әйелдердің құқығын қорғау жолдары үйретілетіні айтылады.
Балтабаеваның қарсылығы
Қазақстан ата-аналар одағының төрайымы Бағила Балтабаева ЛГБТ қауымдастыққа белсенді қарсы адамдардың бірі. Ол ұйым өкілдерін адам құқығы мәселесін жамылып, азғындықты, біржыныстылардың қатынасын насихаттайды деп айыптайды.
Балтабаева бұған дейін де «Феминита» ұйымының шараларын тоқтатуға әрекеттенген.