Шерзат ісі: Туған күн тойлағандарды видеоға түсірген адамды жұмыстан шығару жеткіліксіз – депутат

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General news бөлімінің тілшісі
Саиров: Туған күн тойлағандарды видеоға түсірген адамды жұмыстан шығару жеткіліксіз/Фото: Асқар Ахметуллин

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Шерзат Полаттың өліміне күдіктілердің тергеу изоляторында туған күн тойлап жүргенін азаматтардың сезімін таптау деп бағалады.

Депутат түзеу мекемелеріндегі жемқорлық фактілерін жоққа шығармайды.

«Ішкі істер министрлігі жағдайды телефонына түсірген қызметкер мен оның басшысы жұмыстан кеткенін айтып отыр. Меніңше, бұл мәселені ары қарай қылмыстық деңгейде қарастыру керек. Өйткені ол азаматтардың осылай видео жасауы қоғамды сыйламауы, адамдардың сезімін таптауы деп білемін», – деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Журналистер Саировтан уақытша ұстау изоляторында күдіктілер емін-еркін телефон қолданып, жүріп тұратынына қылмыстық-атқару жүйесі комитеті неге жауапкершілік арқаламайтынын сұрады.

Депутат аталған оқиғадан кейін 16 адам жұмыстан шығарылғанын атап өтіп, видеоға түсірген қызметкерді қызметінен алып қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке тарту керектігін айтты.

Бұған дейін, желіде Талғардағы төбелес кезінде кісі қолынан өлген Шерзат Полаттың ісіндегі күдіктілер тергеу изоляторда бір камерада туған күн тойлап отырған видео тараған. Аталған оқиға бойынша қызметтік тексеріс басталып, 16 адам қызметінен алынған. Видеоны изолятор қызметкерлерінің бірі түсірген болып шықты.

Сондай-ақ оқыңыз