Трамп Зеленскийді кінәлап оны орнынан алып тастауға шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабия астанасында Украинадағы соғысты тоқтату бойынша Ресеймен өткен келіссөзден кейін Украинаны айыптай сөйледі. Бұл туралы ВВС-дің орыс қызметі жазды.
«Мен олардың келіссөздерге қатыса алмағанына ренжігенін естідім. Бірақ оларда бұл мүмкіндік үш жыл бойы және одан да бұрын болды. Бұл мәселені өте оңай шешуге болатын еді», – деді ол Флоридадағы резиденциясында BBC тілшісінің сұрағына жауап беріп.
Владимир Зеленский бұған дейін Эр-Риядтағы Ресей-АҚШ кездесуі Киев үшін күтпеген жағдай болғанын айтып, соғысты тоқтату туралы шешім Украинаның қатысуынсыз қабылданбауы керек екенін мәлімдеген
Зеленскийге қарсылық
Bloomberg агенттігінің дереккөзіне сүйенсек, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Зеленскийдің кездесуге қатысқанын қалаған, алайда Вашингтон мен Мәскеу бұған табанды түрде қарсы болған.
Трамп сондай-ақ Владимир Зеленскийдің рейтингі «4%-ға дейін төмендеді» деп мәлімдеп, елде сайлау өтуі керек екенін айтты. Бұны Ресей президенті Владимир Путин де айтып жүр. Кей сарапшылар Украинада президент сайсауы өтсе, Кремль сайлауға араласып, проресейлік кандидатты жеңіске жеткізуге тырысатынын айтады.
Трамп сайлауалды бағдарламасында да Зеленскийді талай рет сөзбен түйреп, оны Байден билігін миллиардтаған көмекке көндірген «саудагер» деп атаған.
Бітімгерлік күштер
АҚШ президенті егер соғысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілсе, Украинаға еуропалық бітімгерлік күштерді жіберуді қолдайтынын айтты.
Алайда Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу бұған үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізген. Ол кезекті рет НАТО-ның кеңеюі мен Украинаның альянсқа кіруі Ресей үшін тікелей қауіп болып саналатынын қайталаған.
Бұған дейін, Ұлыбритания соғысты тоқтату үшін Украинаға әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеген.
АҚШ пен Ресей тараптарының Украинаның қатысуынсыз өткен алғашқы кездесулері 18 ақпанда ұйымдастырылған болатын.