Ақтаудағы ұшақ апатының тергеу жұмыстары 1 жылға созылады

Ақтаудағы ұшақ апатының тергеу қорытындысы жыл соңына дейін жарияланады. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев хабарлады.
Ұшақ апатын тергеу орталығы құрылмақ
Вице-министрдің айтуынша, елімізде авиациялық оқиғаларды тергеу көрсеткіші 51%-ды құрайды. Бұл – Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) қауіпсіздік бағалауындағы 8 маңызды критерийдің бірі. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша ең төменгі деңгейде қалып отыр.
«Ахуалды жақсарту үшін жыл соңына дейін жоғары білікті мамандарды тарта отырып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген ұшақ апаттарын тергеу жөніндегі арнайы орталық құру жоспарланып отыр», – деді Ластаев.
Ақтаудағы әуе апатының қорытынды есебі қашан жарияланады?
Министрлік Ақтау маңында құлаған ұшаққа қатысты тергеу 2025 жылдың желтоқсанына дейін аяқталып, қорытынды есеп жарияланатынын мәлімдеді.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 67 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 29 адам тірі қалды.
Бұған дейін, ұшақ апатының алдын ала тергеу есебі жарияланған еді.