Арақ ішкен адамға ораза ұстауға бола ма – ҚМДБ пәтуа шығарды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Арақ ішкен адамға ораза ұстауға бола ма / фото: shutterstock

Кейбір адамдар арасында «Арақ ішкен адам қырық күннен кейін ғана ораза ұстай алады» деген түсінік бар. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасады.

ҚМДБ мәліметінше, oраза белгілі бір уақытта орындалатын ғибадат. Рамазан айы келгенде әрбір мұсылман ораза ұстауға міндетті. Егер адам оразадан бұрын арақ ішіп қойған болса, бірақ кейіннен шынайы тәубе етіп, жаман әдетін доғарса, оның oраза ұстауына ешқандай кедергі жоқ.

Жалпы, шариғат бойынша оразаның қазасын өтеу міндетті. Егер адам оразасын әдейі бұзса, кейін сол күндердің қазасын өтейді. Себепсіз оразаны бұзу үлкен күнә болып саналады.

Қандай жағдайда ораза ұстамауға болады?

Шариғат кейбір жағдайларда ғана ораза ұстамауға рұқсат етеді. Бұлар: сапардағы адам, науқас адам, жүкті немесе емізулі баласы бар ана.

Осы аталған жағдайлардан тыс «Бірер күн бұрын арақ ішкен едім, әлі әсері бар шығар» деген сылтаумен ораза ұстамай қоюға болмайды. Егер адам күнәсін түсініп, тәубе етсе, оған кешіктірудің қажеті жоқ – бірден оразасын бастай беруі керек.

Қысқаша айтқанда, арақ ішкен адам қырық күн күтпей-ақ, тәубе етіп, oраза ұстауына болады. Ең бастысы – күнәсін қайталамау және шынайы ниетпен құлшылық жасау.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Рамазан айы 1 наурыздан бастап 29 наурызға дейін созылады. ҚМДБ Ораза кестесі мен пітір садақа мөлшерін жариялаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз