Қазақстанның 6 қаласында авиахаб құруға 2,1 млрд доллар инвестиция тартылады

Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау қалаларында авиахаб ашылады. Хаб құруға Үкімет 2,1 млрд долар көлемінде инвестиция тартуды көздеп отыр. Бұл туралы Үкімет сағатында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты.
«Авиахабтарды дамыту және ел әуежайларындағы жүк ағынын ұлғайту бойынша 6 әуежай анықталды. Осы мақсатта Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау әуежайларында инфрақұрылымды жаңарту мен логистикалық процестерді жеңілдетуге бағытталған 5 негізгі шара қарастырылған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 2 млрд 100 млн доллар көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарлануда», – деді министрлік өкілі.
Ақтаудағы мультимодальды хаб
Ең маңызды хабтардың бірі Ақтау қаласындағы авиахаб болмақ. Бұл қала тоғыз жолдың торабында жатқандықтан, әуе, автокөлік, теміржол және теңіз
тасымалдарын біріктіруге мүмкіндік бар. Солайша жүк ағынын қамтамасыз ететін
толыққанды мультимодальды хаб құрылады.
Мультимодальды хаб тек жүк тасымалымен емес, сонымен бірге ұшақтарға техникалық қызмет көрсететін болады. Яғни қалада ұшақтарды жөндеу орталығымен қатар, осы сала мамандарын даярлайтын орталықтар ашылады.
Жаңа әуе бағыттары
Сондай-ақ Ластаев Қазақстаннан 16 жаңа әуе бағыттары ашылатынын айтты. Атап айтқанда енді Рим, Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Гуанчжоу, Пусан (Оңтүстік Корея) және тағы да басқа қалаларға ұшақтар тікелей қатынай бастайды.
«Қазақстанның халықаралық әуе нарығына 4 жаңа шетелдік лоукостердің келуімен жолаушыларға бюджеттік әуе бағыттарын ұсыну мүмкіндігі артады. Олар Үндістандық SpiceJet, Оңтүстік Кореялық Eastar Jet және T’way Air, Тайландтық ThayAirAsia команиялары», – деді вице-министр.