«Қазақмыстың» қалай жекешелендірілгенін тексеру керек – Бақытжан Базарбек

Жарияланды
Депутат «Қазақмыстың» қалай жекешелендірілгенін тексеруді ұсынды / Фото: shutterstock

Депутат Бақытжан Базарбек «Қазақмыстың» жекенің қолына қалай өткенін тексеру керек деп санайды. Бұл туралы депутат KursivMedia тілшісінің сұрағына берген жауабында айтты.

«18 ақпан күнгі комитет отырысында сіз «Қазақмысты» мемлекетке қайтару мәселесін көтердіңіз. Осыған дейін «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясын шетел инвесторынан алып, отандық инвесторға бердік. «Қазақмысты» да солай, отандық инвестордан алып, басқа инвестор іздеуге тура келе ме? Ол қаншалықты мүмкін және орынды?», – деп сұрады редакция тілшісі.

Депутат «Қазақмыс» компаниясының қалай жекешелендірілгенін, қандай шарттар негізінде сатып алынған тексеретін уақыт жеткенін айтады.

«Қазақмыстың» жекеменшікке өту себебі мен негіздерін тексеру керек. Мұндағы айтпағым, кез-келген жекешелендіру тексерілуі тиіс. 90-шы жылдардың, 2000 жылдардың басында және ортасында жекешелендірілген мемлекеттік мүліктің бәрі аудиттен өтуі тиіс. Себебі ол кезде жекешелендіру заңды бұза отырып жүргізілгені бәрімізге мәлім. Тамыр-таныс арқылы үлкен мемлекеттік мүлік арзан бағаланып, жекенің қолына өтіп кеткен. Соны тексеретін уақыт жетті», – деді депутат.

Айта кетсек, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында депутат «Қазақмысты» мемлекетке қайтаратын уақыт келгенін, жердің астындағы және үстіндегі байлық халыққа тиесілісі екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз