50 жастан бастап зейнетақы төлемдерін алуға болады – БЖЗҚ

50 жастан бастап қазақстандықтарға зейнетақы алу мүмкіндігі қарастырылып отыр. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, бұл жинақтар 7,94 млрд теңгеге жеткен. Бір жыл ішінде 50,3%-ға өсіп отыр.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) хабарлауынша, енді ерікті зейнетақы жарналары есебінен 50 жастан бастап, зейнетақы жасына толғанға дейін де зейнетақы төлемдерін алуға болады. Сонымен қатар мүгедектігі барларға және шетелге қоныс аударғандарға да мүмкіндік берілмек.
Ерікті зейнетақы жарналары деген не?
Қордың мәліметінше, ерікті зейнетақы жарналары – зейнетақы капиталын толықтырудың тиімді тәсілі. Жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да жарна төлей алады. Жеке тұлғалар өзі үшін де, жақындары үшін де табысынан аударады. Ал заңды тұлғалар қызметкері мен үшінші тұлғалар үшін де жарна төлейді. 50 жастан бастап зейнетақы төлемдерін алудың жолы осындай.
«Айта кету керек, ерікті зейнетақы жарналарын азаматтар өз қалауы бойынша төлейді. Көлемі мен төлеу мерзімдерін де өзі анықтайды. Жарнаның бұл түрінің артықшылығы осында», – дейді БЖЗҚ баспасөз қызметі.
Оны қалай аудару қажет?
Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейлі банктер арқылы немесе жұмыс берушіге өтініш беру арқылы аударуға болады. Жұмыс беруші осы өтініштің негізінде өзіңіз көрсеткен қаражат көлемін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударып отырады.
Шот қалай ашылады?
Ерікті зейнетақы жарналарын аударуға шот ашу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Шот автоматты түрде ашылады. Ол үшін БЖЗҚ-ға жұмыс берушілер ұсынатын жеке тұлғалар тізімі, сондай-ақ жеке тұлғаның өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына алғашқы жарнаны аударуы жеткілікті.
Жеке тұлғаның кім екені төлем тапсырмасындағы жеке мәліметтер арқылы анықталмақ. Яғни онда аты-жөні, ЖСН, туған күні көрсетілген. Ал жеке куәлік деректері, тұрғылықты мекенжайы және басқа да қажетті ақпараттар бірден мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. 50 жастан бастап зейнетақы төлемдерін алып, өз қаражатыңызды да көре аласыз.
Салықтық жеңілдіктері
Ерікті зейнетақы жарналарына салықтық жеңілдіктер бар. Мысалы, жұмыс беруші қызметкерінің пайдасына аударған жарна табыс ретінде есептелмейді. Сонымен қатар жұмыс беруші бұл шығынды корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегере алады. Яғни салықтық жеңілдіктерге ие болады.
Инвестициялық артықшылықтары неде?
Ерікті зейнетақы жарналары да міндетті зейнетақы жарналары сияқты инвестицияланады және салымшыларға табыс әкеледі. Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқарады. Салымшылар өз жинақтарын салатын инвестициялық портфельді басқарушыларды таңдай алады.
Ол үшін салымшы БЖЗҚ сайтының жеке кабинетінде немесе кез келген бөлімшеде өтініш бере алады. Инвестиция нәтижелері бойынша жылына бір рет басқарушы компанияны өзгертуге мүмкіндік берілмек.
Зейнетақы төлемдері қалай алынады?
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлем алу үшін БЖЗҚ-ға өтініш беру қажет. Оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет, БЖЗҚ мобильді қосымшасы арқылы және аталған қордың кез келген бөлімшесіне барып, онлайн немесе қағаз форматта тапсыруға болады. Сонда 50 жастан бастап зейнатақы төлемдері түсе бастайды.
Ондағы қаражатыңызды 24/7 режимінде enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы бақылай аласыз.
Мұрагерлік құқығы
Егер зейнетақы жинақтары бар азамат қайтыс болса, оның жинақтары заңға сәйкес мұраға беріледі. Өсиет болмаса да, заң бойынша мұрагерлік ережелері арқылы бала-шағасына қалады.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетке қашан шығатынын таңдауды әр адамның өз еркіне салмақ. Осындай ұсыныс қазір қаралып жатыр.
Мұның алдында Ұлттық банк зейнетақы қорындағы қаражатты қайда инвестициялап жатқанын жазған едік.