
Мәулен Әшімбаев пен Қарақат Әбілдинаны не байланыстырады? Бірі – Сенат Төрағасы, екіншісі – өнер жұлдызы. Бір қарағанда, екеуі – екі әлем өкілдері. Екі танымал тұлғаның өмірбаянында басын қосатын бір кезең бар екені қатты қызықтырып отыр.
Жұлдыздар мектебі
Бір қызығы, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отырған партада Қарақат Әбділдина да отырған. Бейбіт Қорған, Тоқтар Серік, Тамара Асар сол мектептің дәлізінде жүгірген. Ақбота Керімбекова, Нұрлан Албан да Сенат төрағасымен бір мектепті тәмамдаған.
Мәулен Әшімбаев пен Қарақат Әбілдина оқыған мектеп Алматы қаласында орналасқан. Оны «жұлдыздар мектебі» деп айтсақ та, көп қателеспейміз. Танымал композитор Кеңес Дүйсекеев те осы ұядан ұшқан. Әңгіме №2 Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп туралы болып отыр.
Қандай танымал ақындар шықты?
Алматыдағы жұлдыздар мектебі ән өнерінен бөлек, қазақ әдебиетіне де жаңа леп әкелді. Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы секілді айтыс саңлақтары шықты. Ержан Алаштуған, ақын әрі дипломат Дәуірбек Дүйсебай, Танакөз Ілиясова атты ақындардың қалыптасуына ықпалын тигізді.
Журналистер жұлдызы
Мәулен Әшімбаев пен Қарақат Әбілдина оқыған мектептің құпиясы мұнымен шектелмейді. Қазақ журналистикасының дамуына да серпін бергенін атап өту керек. Өйткені, бұл мектеп бүтін бір жұлдыздар шоғырын беріп отыр. Атап айтқанда, Нұрлан Ока, Нұрбол Манат, Саламат Омаш секілді тележурналистер көрермендердің көз айналымына айналып отыр.
Бұл санатта тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай да бар. Данияр Меңілбеков, Гүлмира Нәлібай, Айбын Шағалақов секілді журналистердің қаламы осы жерде ұшталды. Мұның да себебі бар. Бұл мектепте қазақ тілі пәні күніге екі мәрте оқытылатын. Бірінші сабақ теория оқытылса, екінші сабақ шығарма жазуға бейімдеді.
Мемлекет қайраткерлері
Бұл мектеп қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосты. Сонымен қатар ірі мемлекетшіл тұлғаларды да тәрбиелеп өсірді. Айталық, мемлекеттегі екінші тұлға – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бар.
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Мадияр Меңілбеков те осы мектептің түлегі. Танымал генералдар Әділ Шаяхметов, Бекен Нұрахметов туралы да осыны айтуға болады.
Бизнестің қазақша сөйлей бастауына да осы білім ошағының түлектерінің үлесі бар. Ірі кәсіпкер, меценаттар да шықты. «Қазақстанның 100 жаңа есімдері» тізбесіне енгендер де кездеседі. Соның бірі – меценат Дулат Тастекеев. Бизнесмен Қанат Құдайбергеннің жетістіктері өз алдына бөлек әңгіме.
Сала үздіктері
Логистика саласында Нұрбол Рзаев, Еуропадан ауыл шаруашылық саласына қажетті озық технологияларды елімізге әкелуге мұрындық болып жүрген Сәулебек Бұқарбаев, Франция мен Қазақстан мәдениетін жақындастыруға үлкен еңбек сіңірген Айтқали Бақытовтардың еңбегін бағаламасқа болмайды.
Шерхан Мұртаза мен Өзбекәлі Жәнібековтың еңбегі
Мәулен Әшімбаев пен Қарақат Әбілдина оқыған мектептен осыншама жұлдыздың шығуы әсте тегін болмаса керек. Демек, Шерхан Мұртаза мен Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі еш кетпегені. Шалғайдағы қарапайым отбасында туылған дарынды балаларды екшеп алып, сол кездегі астанадағы ең білікті ұстаздардың алдына әкелуге мұрындық болған да – осы екі тұлға.
Онда оқулық, әдістеме құралдар авторлары Аршагүл Пралиева, Венера Қуанышбаева, Күләйша Әбеуова, Мариям Алтаева, Әсия Қарамендина сынды ұстаздар жұмыс істеді. Оның ішінде КСРО және Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі Орынша Қарабалина да бар.
Бір ғана шешім
Шерхан Мұртаза мен Өзбекәлі Жәнібековтің бір ғана осы шешімінің өзі қазақ мәдениетіне, соның ішінде өнер, әдебиет және журналистика саласын жаңа деңгейге көтергенін мойындау керек.
Мәулен Әшімбаев пен Қарақат Әбілдина және өзге де танымал тұлғалар оқыған бұл мектеп-интернатқа Қазақ КСР-інің министрлер кабинетінің 1988 жылғы 18 шілде күнгі жарлығымен республикалық мәртебе берілді.
Мектеп тарихы
Қазір бұл білім ошағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат деп аталады.
Тарихына аз-кем тоқталса, мектептің іргетасы 1957 жылы қаланды. Алғашқы кезде ауылдағы малшылардың балаларына арналып ашылған. 1988 жылға дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеулер институтының эксперименттік базасы ретінде жұмыс істеп келді.
Мұның алдында Тілендиев, Қастеев, Бәйсейітова оқыған мектеп туралы жазған болатынбыз.