Путин: Санкцияға қарамастан, Каспий құбырын акционерлер өздері жөндесін

Жарияланды
КҚК жер дауы
Фото: .kursiv.media архивінен

Ресей президенті Владимир Путин санкцияға қарамастан, Каспий құбыры консорциумының (КҚК) жөндеу жұмыстары үшін қажетті құрылғылары елге кіргізуді ұсынды. Консорциум инвесторларының қатарында Қазақстан да бар.

Путин не деді?

18 ақпанда кешке Путин үкімет мүшелерімен жиналыс өткізіп, КҚК мұнай өңдейтін станциясына дрондардың шабуыл жасауына қатысты пікір білдірді.

Оның түсіндіруінше, КҚК тек ресейлік емес, халықаралық ұйым. Тиісінше жөндеу жұмысына шетелдік инвесторлар да атсалысуы керек.

«Менің түсінуімше, өнімді бөлу бойынша келісімге сай ол (КҚК – ред.) шетелдік акционерлерге тиесілі. Шабуыл нәтижесінде болған шығынды есептеуге де сол компанияның өкілдері қатысады. Нысанды қалпына келтіру мүмкіндігі мен мерзімін бағалайды. Ендеше барлық санкцияға қарамастан, олар қажетті құрылғыларды жеткізсін. Өздеріне жасасын», – деді ол жиында.

Бірақ ресейлік үкімет тарапынан қажет болса, көмек беруге шақырды.

Каспий құбыры консорциумы Қазақстанға қаншалықты тиесілі?

17 ақпанда КҚК-ға тиесілі «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына әскери дрондар шабуыл жасады. Кейінірек оны украиналық тарап ұйымдастырғаны белгілі болды.

«Транснефть» компаниясы осы жағдайдан кейін мұнай айдау көлемі шамамен 30%-ға қысқаруы мүмкін деді.

КҚК акцияларының 24%-ы Ресейге тиесілі. 19%-ын Қазақстан атынан «ҚазМұнайГаз» компаниясы иеленеді. Сондай-ақ акционерлер арасында шетелдік Chevron Caspian Pipeline Consortium Company (15%), Mobil Caspian Pipeline Company (7,5%), Eni International N.A. N.V. S.ar.l.(италиялық), BG Overseas Holdings Limited (британиялық) компаниялары бар.

Қазақстан үшін Каспий құбыры консорциумының маңызы зор. Шамамен елден өндірілген мұнайдың 80%-ы осы магистраль арқылы тасымалданады. Және оны дәл қазір алмастыра қоятын балама жол да жоқ. Сарапшылар осы жағдайдан кейін Қазақстан үкіметі сабақ алып, бірнеше бағытқа тарайтын маршруттарды қарастыру керектігін айтады.

Сондай-ақ оқыңыз