Соғыстың үш жылдығы қарсаңында: ЕО Ресейге қарсы санкциялардың жаңа пакетін мақұлдады

Еуроодақ елдері Ресейге қарсы санкциялардың жаңа пакетін мақұлдады. Бұл жолы Брюссель алюминий өнеркәсібі мен мұнай экспортын шектеуді одан сайын күшейтуді көздейді.
ЕО-ға мүше 27 ел санкциялардың жаңа пакетін 19 ақпан күні таңертең мақұлдады.
Қаржы мекемелері де бар
Financial Times басылымының санкция мазмұнымен таныс дереккөздерінің айтуынша, шектеулердің Ресейдегі тағы 13 банкке, мұнай шикізатын заңсыз экспорттайтын 73 танкерге қатысы бар.
Бұған қоса, ЕО Ресейдің алюминий өнімдерінің белгілі бір түрлерін одақ елдеріне сатып алуға біртіндеп тыйым сала бастайды.
Дереккөздер мәліметінше, пакетке Ресейге Украинаға қарсы соғыс жүргізуіне көмектесіп отырған компаниялар мен жекелеген азаматтардың көбі кірген.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, «қара тізімге» бұл жолы 48 жеке және 35 заңды тұлға еніп отыр. Олардың активтері бұғатталып, шетелге шығуы қиындайды.
ЕО тізімді әлі жариялаған жоқ, бірақ ұйым өкілдері Ресей аймақтарындағы банктерге де санкция салынатынын айтқан.
Санкция қабылдауға Трамп түрткі болды
Басылым мәліметінше, ЕО елдерінің кезекті санкциясын мақұлдау ісін тездетуіне сейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Украинадағы соғысты аяқтау үшін Ресеймен Киевтің қатысуынсыз қосымша келіссөз жүргіземіз деп мәлімдеуі себеп болған. Вашингтонның осы бағыты бұған дейінгі әкімшілік жүргізген саясаттан алшақ. Трамп билікке келгенге дейін одақтастардың басын біріктірген АҚШ Ресей президенті Владимир Путинді оқшаулау саясатын жүргізген деп жазды Reuters.
Кейінгі бірнеше айда ЕО, Батыстың басқа да державаларымен бірге, Ресейдің мұнай экспортын шектеуге күш салып келеді. Олар танкерлерге ғана емес, Ресейге «Үлкен жетілік» шектеулерін айналып өтуге көмектесетін порттары мен әуежайларымен операция жасауға тыйым салуға келіскен.
Бұған дейін Ресейдің 79 кемесі «қара тізімге» іліккен. Санкция енгізушілер Мәскеу солардың көмегімен мұнай экспорттап қана қоймай, Солтүстік Кореядан қару-жарақ жеткізіп отыр деп есептейді.
Ресейге қарсы жаңа санкцияларын ЕО сыртқы істер министрлері дүйсенбі, 24 ақпанда қабылдауды көздеп отыр.
22 ақпанда Ресейдің Украина аумағына басып кіргеніне 3 жыл толады.