АҚШ санкциясына іліккен «Газпром нефть Қазақстан» атауын өзгертіп қайта тіркелді

Ресейлік «Газпром нефть» компаниясына еншілес «Газпром Нефть – Қазақстан» жанармай құю бекеттері желісі «Алатау Преиум Мұнай» болып қайта тіркелді.
Соған байланысты компанияның елдегі май құю бекеттері бұрынғы атауын жасырып, жаңасына көшуге әрекеттеніп жатыр. Осындай бекеттердің бірі брендті ақ материалмен бүркелеп қойғанына OilgazKZ Telegram-арнасы назар аударған.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, «Алатау Премимум Мұнай» 2021 жылы Алматы облысы Боралдай кентінде тіркелген. Оның бұрынғы атауы – «Газпромнефть-Казахстан Операционная Компания». Ол 2025 жылғы 5 ақпанда атауын өзгерту арқылы қайта тіркелген. ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы – ресейлік «ГПН-Операционное Управление».
2022 жылғы ақпанда Ресей Украина аумағына басып кіргеннен кейін, Еуроодақ, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да елдер «Газпром нефть» компаниясына да санкция салған.
2025 жылғы қаңтар айында АҚШ Қаржы министрлігі «Газпром нефть Қазақстанды» да санкция тізіміне қосты. Компанияның республика аумағында 78 май құю бекеті бар.