КҚК-ға соққы Киевтің Еуропамен ақылдасып жасаған әрекетіне ұқсайды – Путин

Каспий құбыр желісі консорциумына жасалған шабуыл Украинаның Еуропамен ақылдасып жасаған әрекетіне көбірек ұқсайды. Ресей президенті Владимир Путин мұнай айдау станциясының дрондар соққысына ұшырағанына қатысты ойын айтты.
Шабуыл артында кімдер тұр?
19 ақпан, сәрсенбі күні, журналистер сауалдарына жауап берген Путин «Украина қарулы күштері мұндай шабуылды өз бетімен жасай алмас еді» деп мәлімдеді.
«Мұндай шабуылдарды ғарыштан барлау мәліметінсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Ал Киев оны батыстағы одақтастарынан ғана алып отыр», – дейді Ресей басшысы. Путиннің мәлімдемелерін ТАСС агенттігі таратты.
Бұған қоса, Путин мұнай айдау станциясын жөндеу ұзаққа созылатынын ескертіп, оған да Еуропаны айыптады.
«Батыс құрал-жабдығы бүлінді. Оны тез жөндей алмайсың. Оның үстіне, еуропалықтар Ресейге қарсы санкциялар мерзімін созды. Оның ішінде батыстың мұнай-газ өндіру саласына қажетті батыстың құрал-жабдықтары да бар. Бұл дегеніңіз – енді мұндай тауарларды тіпті бермейді деген сөз».
Стратегиялық нысан неге қорғалмаған?
Путиннің мәлімдеуінше, КҚК арқылы мұнай тасымалдаудан Ресей бар болғаны «бес тиын» алып отыр, ал құбырдағы мұнайдың бәрі америкалық және еуропалық компанияларға тиесілі.
Сонымен бірге Ресей басшысы КҚК-да әуе қорғанысы жүйесі орнатылмағанын айтып, оның себебін мұнай құбырының халықаралық нысан болуымен түсіндірді.
Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда Каспий құбыр желісі консорцумының Ресей аумағындағы бір мұнай айдау станциясына әскери дрондар шабуылдады. Консорциум соның салдарынан қазақ мұнайын батысқа айдау бәсеңдегенін мәлімдеді.
Ертесіне «Транснефть» қазақ мұнайын консорциум құбырымен тасымалдау 30 пайызға қысқаруы мүмкін екенін ескертті.
Қазақстандық сарапшы биліктен «бір ғана құбырға тәуелділіктен» арылу жолдарын ұсынды.