
Смартфонның күнделікті өмірімізге біте қайнасып кеткені сонша, телефонсыз бір күн жүру мүмкін емес деген түсінік қалыптасып үлгерген. Бізге керектің бәрі соның ішінде: такси шақырамыз, сатып алған заттың ақшасын төлейміз, картадан керек жерді табамыз, әлеуметтік желі һәм мессенжерді қолданамыз. Мұның бәрі жақсы, әрине. Десе де, онлайн-ортаның кері әсері барын да ұмытпауымыз керек. Оның денсаулыққа зиянын білген соң, арагідік демалыс алып отырған артық болмайды. Смартфоннан қалай демалуға болады? Осы туралы айтайық.
Әлеуметтік желінің психикалық саулыққа қандай әсері бар?
Бұл тақырыпта әлем ғалымдары аз зерттеу жүргізген жоқ. Әлеуметтік желінің қолданушылардың саны артқан сайын халықтың психикалық саулығы нашарлап бара жатқанын айтып дабыл қағылып жатыр. Айталық, Lancet журналына шыққан мақалада ғалымдар мынадай қорытынды жасаған: түнімен әлеуметтік желіде отыратын адамдар депрессияға көбірек шалдығып, үнемі мазасыз күйде жүреді екен. Тағы бір зерттеуде күнде екі сағаттан артық уақыт әлеуметтік желіде өткізетін жастар өзінің ментал күйін «нашар» деп бағалайды деседі. Келесі бір ғылыми жұмыстың нәтижесі мынадай болыпты: қолынан телефон түспей, үнемі желіде отыратындарда әлеуметтік желіні азырақ қолданатындарға қарағанда депрессия белгілері үш есе көбірек болады екен. Қорғаныш механизмі ретінде де желіні пайдаланған жақсы емес. Мысалы адам көңіл-күйі жоқ болса, жабықса не жалғызсыраса онлайн-әлемге сол туралы жайып салып отыра беруі мүмкін. Жазылған пікір не хабарламаға қуанып, жағдайыңыз реттелгендей сезінгеніңізбен, шын мәнінде ұзақ мерзімді перспективада қарағанда мұның кері әсері көбірек. Себебі іштегі мазасыздық жиналып, көбейе береді. Сондықтан мамандар әлеуметтік желіден арагідік демалыс алып отыру керек деген тұжырым жасаған. Осылайша сіз мазасыздықтың азайтып, ұйқыңыздың сапасын дұрыстай аласыз.
Әлеуметтік медиадан қалай «демалуға» болады?
Дижитал әлемде жалтыр-жұлтыр көп. Сондықтан оны басқаға айырбастау оңай емес. Тіпті санаулы сәтке болсын пауза қоя тұруға батпауымыз бек мүмкін. Сол себепті онлайннан оңайырақ демалуға арналған бірер кеңесті назарыңызға ұсынамыз.
Егер сіз интернетті шаршауды басу үшін қолданатын болсаңыз, оның орнына мына әдістерді жасап көріңіз:
- Жаяу серуендеңіз;
- Ұнайтын әндеріңізді тыңдаңыз;
- Арома майшам жағып қойыңыз;
- Кітап оқыңыз;
- Сурет салып көріңіз, болмаса бояңыз;
- Тәтті бірдеңе пісіріңіз;
- Медитация жасап көріңіз;
- Шөпшай, кофе не какао дайындаңыз;
- Ескі фотоальбомдарды ақтарып шығыңыз;
Егер сіз интернетті басқалармен тілдесу үшін қолданатын болсаңыз, оның орнына мына әдістерді жасап көріңіз:
- Досыңызға не жақыныңызға қоңырау шалып, сөйлесіңіз;
- Үйге қонақ шақырыңыз;
- Дәмді ас пісіріп, көршілеріңізге ауыз тигізіңіз;
- Үстел ойындарын ұйымдастырыңыз;
- Хоббилеріңіз бір адамдармен кездесіңіз;
- Әлеуметтік жобаларға ерікті болып қатысыңыз.
Егер сіз интернетті ойын-сауық мақсатында қолданатын болсаңыз, оның орнына мына әдістерді жасап көріңіз:
- Концертке барыңыз;
- Кино көріңіз;
- Экстрим сыйлайтын дүниемен шұғылдарыңыз;
- Пәтеріңізді интерьерін өзгертіп көріңіз;
- Биге барыңыз;
- Қаланы араларыңыз;
- Музейге барыңыз;
- Подкаст тыңдаңыз;
Есте ұстайтын ережелер
Интернеттен түбегейлі бас тарту қиын. Тіпті ондай әдістің керегі де жоқ десе болады. Бастысы, шекарасын белгілеп алсаңыз болғаны. Радикал қадамдар әдетте адамды қатты күйзелтіп жібереді. Сондықтан аз-аздан реттеп көріңіз. Мысалы үнемі мессенжерде хат жазыса бермей, кейде қоңырау шалып тұрсаңыз болады. Сол сияқты телефоныңызда экран уақытын есептейтін функция қосып қойыңыз. Жатардан екі сағат бұрын мүлдем телефон ұстамайтын әдет қалыптастырыңыз. Кемінде түнде қарап отырғанда түнгі режим қосуға дағдыланыңыз. Көңіл-күйіңізді бұзатын аккаунттардан анфоллоу жасап тастаңыз.
Әлеуметтік желіге кіре алмай қалса, бар қызықтан құр қалғандай мазасызданатын синдром — FOMO жайлы жазған едік. Ол аса бір ауыр психикалық бұзылыс болмаса да, дер кезінде тізгінді тартпаса, жағдайыңызды қиындатып жіберуі мүмкін. Сондықтан баланс барлық жерде керек.