Жаңалықтар

«Қазақмыстағы» апат: депутаттар өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауапты жеке мемлекеттік орган құруды ұсынды

«Қазақмыстағы» апаттар саны жиілеп кеткен / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Депутат Арман Қалықов «Қазақмыс» кенішіндегі қайғылы жағдайдан соң, кәсіпорындардағы қауіпсіздік бақылауын күшейтуді талап етті. Мәжілісмен кәсіпорындардағы қауіпсіздік шараларын күшейту үшін арнайы мемлекеттік орган құру қажет деп санайды. Оны тікелей Премьер-министрге  ғана бағынышты ету керектігін ұсынды.

Қарағандыдағы үш бірдей шахтада жұмыс жасаған депутат өндірістегі жазатайым оқиғаларға немқұрайлы қараған Үкімет пен Ұлттық экономика министрлігін сынның астына алды. Оның айтуынша, «Қазақмыс» нысандарындағы қайғылы оқиғалар компанияның өнеркәсіптік қауіпсіздікке немқұрайлы қарайтынын көрсетеді.

«Сандар өздігінен-ақ бәрін айқындап тұр. 2023 жылы Балқаш мыс балқыту зауытында және Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында монтажшы мен тау-кен шебері қаза тапты. Қараша айында Жезқазғандағы №2 байыту фабрикасында бір әйел көз жұмды, ал Жамбыл облысындағы «Жайсаң» кенішінде екі кенші қайтыс болды», — деді Қалықов депутаттық сауалында.

Ол сондай-ақ 2024 жылдың қазан айында «Саяқ-3» шахтасында иіс газының таралуынан екі кеншінің қаза болғанын еске салды.

«Енді жаңа апат жеті адамның өмірін қиды. Ең алаңдататыны – мыс кенішінде кездеспеуі тиіс газ жарылысының болуы. Бұл – қауіпсіздік техникасының өрескел бұзылуы», — деді депутат.

Қалықов «Қазақмыс» елдегі ірі, табысты кәсіпорынның бірі бола тұра, әлі күнге дейін еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырғанын мәлімдеді.

«Жыл сайын шахталарда, кеніштерде және мұнай кен орындарында техногендік апаттар қайталанып жатыр. Біз бақылау жүйесінен айырылып, білікті инспекторларды жоғалттық. Өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін өзгерте берудің арты жақсылыққа апармайтынын әріптестеріммен талай рет айтып, сауалдар жолдадық. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалауды күшейту бойынша заңнамалық және жүйелік нормаларды ұсындық. Бірақ, Үкімет, оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі осы маңызды заңнамалық бастаманы қолдамады», — деп атап өтті ол.

Депутат өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауап беретін, Премьер-министрге тікелей бағынатын жеке мемлекеттік орган құруды ұсынды. Сонымен қатар апаттың себептерін тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен тергеуді, кеніштердің желдету жүйелерін тексеруді және жабдықтарды жаңғыртуға қаржы бөлуді талап етті.

Еске салайық, Ұлытау өңірінде «Жомарт» кен орнында апат болып, жеті кенші қайтыс болды. Премьер-министр Олжас Бектеновтың тапсырмасымен апат себебін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі арнайы комиссия құрылды.

Осыдан соң, «Қазақмыс» компаниясына тиесілі Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде қайтыс болған жеті кеншінің аты-жөні жарияланды