Lifestyle

«Әбіл» фильмі Франциядағы фестивальден үш бірдей жүлде алды

«Әбіл» фильмі Франциядағы фестивальден үш бірдей жүлде алды/Фото: Режиссердің жеке мұрағатынан

Қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Францияда өткен 31-Vesoul халықаралық Азия кинофестивалінен олжалы қайтты.

Картина үш бірдей марапатқа ие болған. Атап айтқанда, Қазылар алқасының бас жүлдесі – Jury Grand Prize, киносыншылар алқасының жүлдесі – Critical Jury Prize, NETPAC қазылар алқасының жүлдесі – NETPAC Jury Prize.

Францияда фильмді режиссер Елзат Ескендір мен актер Ерлан Төлеутай таныстырған.

Фильм туралы

«Әбіл» фильмі – Совет Одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде жекешелендіру орын алған кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдар мен қараусыз қалған қазақ ауылындағы бейберекетсіздікті суреттейді. Сол арқылы, кинотуынды тәуелсіздік басындағы күрделі уақыт аясындағы қазақ халқының рухани кейпіне, психологиялық күйіне әлеуметтік талдау жасайды. Фильмде советтік жүйе кезіндегі адам өмірінің құнсыздығы, қазақ халқының бастан кешкен жағдайы, тұрмыс қалпы, өз елінде, өз жерінде дискриминацияға түскендігі, социализмнен капитализмге ауысу тұсындағы екіұдай сезім, сонымен қатар жемқорлықтың пайда болуы жайлы да ой қозғайды.

Шығармашылық ұжым

Фильм Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ киностудиясында, Мәдениет және Ақпарат министірлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. 

Фильмнің атқарушы продюсерлері – Серік Әбішев, Сергей Әзімов, Ерлан Бекқожин.

Халықаралық продюсер – Юлия Ким

Басты рөлдерде ойнағандар – дәстүрлі әнші, өнеранушы Ерлан Төлеутай, театр актрисасы Нұржан Бексұлтанова.

Рөлдерде – театр актері Әлихан Лепесбай, Ұлан Нүсіпәлі. 

Фестиваль туралы

Vesoul халықаралық Азия кинофестивалі – Азия киносына арналған ең көне және ең ірі еуропалық фестивальдердің бірі. 1995 жылы негізі қаланған фестиваль жыл сайын Азияның жүздеген фильмдерін франция көрермендеріне ұсыну арқылы оларға жас есімдерді танытып және авторлық кинематографияға үлкен қолдау көрсетеді. Фестиваль жас режиссерлерге бағытталғандығымен танымал әрі оның жүлделері фильмдердің халықаралық деңгейде танылуына және фильмдердің аудиториясын одан ары кеңейтуге көмектеседі.

Фильм режиссері мен бас кейіпкерді сомдаған актер Франциядағы сапарға аттанарда біршама қиындыққа ұшыраған. Франция консулдығы виза беруде кешігіп, шығармашылық құрам сарапдан қалып қоя жаздаған болатын.