Indrive компаниясы Нью-Йоркте IPO-ға шығуы мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кәсіпкер Арсен Томскийге тиесілі Indrive Нью-Йоркта IPO-ға шығуы мүмкін. Бұл жоспары туралы кәсіпкер Астанада өткен жиында айтты.

«Біз оны жасаймыз, ол болатын нәрсе (IPO – ред.). Ең бірінші мақсат – үлкен ресурсқа шығу, себебі қазір өтімділік қолжетімді емес», – дейді.

Томскийдің сөзінше, IPO-ға шығу компания жоспарларына инвестиция салуға мүмкіндік береді. Мәселен, қазір кәсіпкер білімді 12 студентті жинап, АҚШ-тың ең үздік университеттерінде оқытып жатыр. Оған «жылына 720 мың доллар» қажет екен.

Компания болашақта құнды қағаздарын Нью-Йорктегі биржаға шығаруы мүмкін. Бірақ әзірге нақты қай уақытта және қандай көлемде екендігі белгісіз.

«Бізге IPO жасау ақылға қонымды, сол кезде мен қалағанымша [қаражат – ред.] алып, инвестиция жасай аламын және оны жасаймыз да. Меніңше, Нью-Йоркте болады, себебі біздің бас компаниямыз АҚШ-та, сондықтан сол жерде IPO-ға шыққан жақсы. Бірақ [компанияның – ред.] бас иесі – қазақстандық. Біз ұзақ уақыт сыртқы инвестициясыз жүрдік», – деп түсіндірді.

«Қазақстандық олигархтардың жанында мен студент сияқтымын»

Арсен Томскийдің сөзінше, алпауыт компания иесі болғанымен, жеке басында бір ноутбугінен басқа артық дүниесі жоқ.

«Мендегі ең қымбат дүние – ноутбук. Басқа ешнәрсе жоқ, үйде, көлік те. Осындағы олигархтармен танысамын. Олардың үйінде боламын, үйлері тамаша. Олардың жанында мен студент сияқтымын», – дейді ол.

Indrive – жолаушылар тасымалдайтын халықаралық сервис. 2022 жылы санкцияларға байланысты кеңсесін Саха республикасынан (Якутия) Қазақстанға ауыстырып, иесі Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды.

2022 жылы компания АҚШ нарығына шықты. Қазір Америкада техноалпауыттың әкімшілік кеңсесі бар. Ал негізгі кеңселері Алматы, Лондон және Лимассол қалаларында орналасқан.

Томский жақында Қазақстанда жаңа оқу орнын ашу жайлы жоспарын да бөлісті. Әзірге Satbayev University-мен келісім жасап, «inVision U факультет» ашатын болды. Ол жерде Қазақстан мен Орталық Азияның дарынды мектеп түлектері тегін оқи ала алады.


Сондай-ақ оқыңыз