
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Астанада лифт ішінде жасөспірімнің 5 жасар баланы пышақтап кеткен оқиғаға қатысты пікір білдірді. Министр орынбасары психикалық ауытқуы бар балалардың ата-аналары оларды үнемі бақылауда ұстауға міндетті екенін айтады. Ал балаға пышақпен жарақат салған жасөспірім оқшауланбайтын болды.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жағдайға байланысты ведомство әлі қызметтік тергеуді жүргізіп жатыр.
«Мұндай психикалық денсаулыққа байланысты мүгедектігі бар балалардың қамқоршыларына қойылатын белгілі бір талаптар бар. Бұл талаптар олардың балаларды тұрақты бақылауда ұстауын міндеттейді. Мұндай балалар үнемі қадағалауда болуы керек,» – деді Нұрлыбаев мәжіліс кулуарында.
Нұрлыбаев емдеуді бақылайтын және жүргізетін дәрігерлер тарапынан ешқандай заң бұзушылық болмады деп сендірді. Тағайындалған емнің өз әсері болған.
«Тағайындалған емдеу өз нәтижесін берді. Бұл баланы ауруханаға жатқызу кезінде бірнеше рет дәлелденді. Толық және нақты ақпаратты қызметтік тергеу аяқталған соң беремін. Ол оқшаулауланатын топқа жатпайды. Емдеу тиімді болғандықтан және бірнеше рет дәлелдедік, сондықтан ол әлеуметпен араласа алады, оқшаулауға жатпайды» – деп түсіндірді вице-министр.
Министр орынбасары бұл оқиға психикалық ауытқулары бар адамдарды стигматизациялауға (кемсітушілікке) себеп болмауы керек екенін атап өтті.
Еске салайық, 11 қаңтарда Астанадағы тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде 14 жастағы жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасаған. Жаға ұстатарлық сұмдық жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Онда жасөспірім балаға бірнеше мәрте пышақ сілтеп, бетін тіліп жіберген. Бұл оқиғадан соң жасөспірім ұсталды. Куәгерлердің айтуынша, шабуылдан баланың күретамыры зақымданған, қазір ауруханада жатыр.