Ресейден келген кәсіпкер Арсен Томский университет ашқалы жатыр

Satbayev University мен inDrive басшысы Арсен Томский «inVision U факультетін» құру туралы келісімге қол қойғанын хабарлады. Факультет Қазақстан мен Орталық Азияның дарынды мектеп түлектеріне тегін жоғары білім бермек.
Мән-жайы
2024 жылғы қыркүйекте премьер-министрмен кездесу кезінде inDrive басшысы Арсен Томский «inVision U» университетін ашуды ұсынған. Бұл университет 400 студентке IT, маркетинг және медиа, ғылым, қоғам, мемлекеттік басқару салалары бойынша білім бермек. Жобаны жүзеге асыру үшін “Satbayev University» жанынан автономды факультет құрылады. Жоба 2025 жылдың қыркүйегінде басталады.
Не оқытады
Бірінші оқу жылы **Foundation** дайындық курсынан басталады. Бағдарлама аясында студенттерге сыни ойлау мен аналитикалық дағды қалыптастыру сабақтары өтіп, ағылшын тілі, математика және IT саласында терең білім алуға мүмкіндік берілмек.
2026 жылғы қыркүйекте бакалавр бағдарламасы басталады.
Оқу үрдісінде дәстүрлі лекциялардан гөрі тәжірибелік жобалар мен командалық жұмысқа басымдық береді деп күтіліп отыр. Сабақ қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Қашан қабылдайды
Foundation бағдарламасына өтініш қабылдау 2025 жылғы 15 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады.
Бакалавр бағдарламасына өтінішті 2026 жылы қабылдайды.
inDrive қызметінің басшысы Арсен Томский 2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ашық сынап, кәсібін Қазақстанға көшірген. 2023 жылы ел үкіметінің шақыруымен Қазақстан азаматтығын алған.