Ринат Зайытов балалар психологиясының бұзылуына Ақпарат министрлігін кінәлады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General news бөлімінің тілшісі
Ринат Зайытов балалар психологиясының бұзылуына Ақпарат министрлігін кінәлады/Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов психолог мамандарды даярлауға арналған отырыста мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек деген сөз айтты. Ол мәселенің түп-төркіні дұрыс контент ұсынуды қадағаламай отырған Ақпарат министрлігіне келіп тіреледі деп санайды.

Мәселелер тізбегі

Депутат психологиялық бұзылыстар артқан бүгінгі ахуалға бір-біріне тығыз байланысты мәселелер тізбегі себеп екенін айтады.

«Біз психологтардың біліктілігін, кәсібилігін арттыру мәселесін талқылап отырмыз. Өйкені бізде психолог мамандар жетпей жатыр. Неге жетпей жатыр, өйткені қажеттілік артты, балаларымыздың психологиясы бұзыла бастады. Неге бұзыла бастады? Бүкіл тәрбие институттары қирады. Бұл институттар болмаған соң, тәрбиені ақпараттық құралдарға бердік. Ақпарат құралдарында тәрбие реттелмегеннен кейін, психология өздігінен бұзылады. Енді осыған жауапты Ақпарат министрлігі арамызда неге жоқ», – дейді депутат.

«Ақпарат түзелмейінше, психология түзелмейді»

Зайытов психологияның бұзылуының қарапайым мысалы деп екі телеарнаның кешкі бағдарламаларын көрсетті.

Депутат қазір телеарнада отбасымен көретін тәрбиелік маңызы бар контент жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, эфир сеткасы кілең фильм, сериал, шоуларға толған, ал вебсериалдарда боғауыз көп, псевдопсихологтар қисық танымды сіңіреді.

“Бұны көріп өскен адамның психологиясы бұзылмауы мүмкін емес. Менің ұсынысым бірінші тиісті мамандар психолог жұмысының нақты жүйесін қойып алсын. Ақпарат түзелмейінше, психология түзелмейді»,– деген депутат ұсынылып отырған бағдарламаланың психологияға нақты әсер ететінін дәлелдеп беруді сұрады.

Бұған дейін депутат ел арасында қызу талқыланатын уақыт белдеуі мәселесіне байланысты жаңалық айтып, бұрынғы белдеу наурыз айында қайтарылатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз