Қаңтарда республикалық бюджетке қаржы Үкімет жоспарынан үштен бір есе аз түсті

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
республикалық бюджет
Қаңтарда бюджет кірісі 30%-ға азайды / коллаж kursiv.media (gov.kz және shutterstock), бильд-редактор: Денис Андреев

2025 жылдың қаңтар айында республикалық бюджет кірісі жоспардан 31,5%-ға аз болды: 2,15 трлн теңгенің орнына 1,46 трлн теңге түсті. Бұл туралы Қаржы министрлігінің есебінде көрсетілген.

Әдетте, кірістердің төмендеуі салық түсімдерінің азаюымен байланысты. Алайда бұл жолы жағдай басқаша – бюджетке түскен салық мөлшері болжамнан да асып түсті: 771,8 млрд теңге орнына 777,9 млрд теңге жиналды.

Салық жоспарының орындалуы:

  • Корпоративтік табыс салығы – 94,5% (359,3 млрд теңге).
  • ҚҚС – 95,2% (292,1 млрд теңге).
  • Акциздер – 74,9% (8,7 млрд теңге) құрады.

Табиғи ресурстар, кәсіпкерлік қызмет және халықаралық саудаға салынатын салық бойынша жоспар асыра орындалған. Бірақ салықтан тыс түсімдер айтарлықтай төмен қалыптасты. Жоспарланған 215,2 млрд теңгенің орнына 30,5 млрд теңге ғана түсті.

Кірістердің төмендеуінің негізгі себебі Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің қысқаруы. Ұлттық банк жоспарланған 650 млрд теңгенің орнына бюджетке тек 150 млрд теңге нысаналы трансферт аударған. Ал кепілдендірілген трансферт толық көлемде – 400 млрд теңге мөлшерінде жіберілді.

Бюджет шығын қысқарды

Республикалық бюджет шығыстары қаңтар айында 1,4 трлн теңгені құрады. Бұл жоспарланған 1,8 трлн теңгенің 75,3%-ын ғана құрайды.

Қаңтар айында бюджет 55,8 млрд теңге профицитпен қалыптасқан. Бұл жоспарланған 198,6 млрд теңгеден айтарлықтай төмен.

Мұнайға қатысы жоқ тапшылық (мұнай секторының кірісін есепке алмағанда) 542,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш күтілген 868,9 млрд теңгеден аз.

2024 жылы республикалық бюджет кірісі 19,6 трлн теңгені құрады. Соның ішінде салықтық түсімдер 63% үлесін иеленді. Салық жоспардан аз жиналғандықтан, бюджетті толтыру үшін Ұлттық қордан қомақты трансферттер алынды.

Былтыр бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 2023 жылғы 2,8 трлн теңге деңгейімен салыстырғанда 30%-ға көбейді. Сондықтан шығыстардың тиімділігін бағалап, әлеуметтік маңызы төмен жобаларға кететін қаржыны қысқарту қажет.

Сондай-ақ оқыңыз