Ресей Қазақстанға газ құбырын тартуды жоспарлап отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресей газ құбырын жұргізеді
Ресей Қазақстанға газ құбырын тартады / Фото: kursiv.media, бильд редактор Дастан Шанай

Ресей Үкіметі Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарына газ құбырын тартпақ. Ресей Түмен облысынан басталып, Қазақстанның аумағына жететін газ құбыры жобасын көлік схемасына енгізген. Жоба аясында қуаттылығы жылына 10 млрд текше метрге дейін жететін экспорттық магистральдық газ құбыры салынады. Сонымен қатар оның жұмысын қамтамасыз ету үшін 50 МВт қуатты компрессорлық станциялар бой көтермек.

Газ құбыры қай жерден өтеді?

Газ құбыры Ресейдің Түмен облысы арқылы өтеді. Бұл аймақ Қазақстанның Солтүстік Қазақстан облысымен шектеседі, сондықтан бұл жобаның жүзеге асуы еліміздің солтүстігіндегі газ тапшылығын азайтуға септігін тигізеді. Жаңа құбырдың енгізілуімен Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарының тұрғындары табиғи газға қол жеткізбек.

Жобаның мақсаты қандай?

Қазақстанның солтүстігінде табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі бұрыннан бар. Аталған аймақтарда газдандыру деңгейі төмен, ал халық көмір мен басқа да отын түрлерін пайдаланып келеді. Ресейден тартылатын газ құбыры осы мәселені шешуге көмектесіп, тұрғындарға экологиялық таза әрі тиімді отын түрін пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл құбыр «Ресей – Қытай» газ жобасымен байланысты ма?

Бұл жоба Ресей мен Қытай арасындағы ірі газ құбырының бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Өткен жылдың соңында Ресей вице-премьері Александр Новак Ресейден Қытайға Қазақстан арқылы өтетін газ құбырының бағыты әзірленіп жатқанын мәлімдеген еді. Оның жалпы қуаты 45 млрд текше метр болса, соның 10 миллиарды Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірлеріне газ жүргізуге бағытталады.

Сондай-ақ оқыңыз