Банк пен қаржы

Қосылған құн салығын көтергенше, салықтық бақылауды қатаңдату қажет – Үміт Шаяхметова

Үміт Шаяхметова ҚҚС-ты көтеруге қатысты пікір білдірді / Фото: ашық дерекөз

Halyk Bank төрағасы Үміт Шаяхметова бюджет бүйірін толтыру үшін қосылған құн салығын көтеру емес, салық саласындағы басқаруды жетілдіру керек деп тұжырымдайды. Салық саласын жетілдірсе, қазіргі 12% мөлшерлемемен-ақ қазынаны толтырып алуға болады. Бұл туралы Шаяхметова Women in Business форумында мәлімдеді.

Банк төрағасының пікірінше, қосылға құн салығын көтерсе, бұған дейін заңды түрде салық төлеп жүргендерге жүктеме артады.

«ҚҚС-тың қазіргі 12% мөлшемерлемесінде-ақ, дұрыс салық әкімшілендіруді кеңейтсек, соның нітижесінде салықты көбірек жинап алуға болады», – дейді банкир.

Шаяхметова қазіргі кезде бизнесті бөлшектеу жүріп жатқанына назар аударды. Осындай заңға қайшы әрекеттердің алдын алып, салықтық бақылауды күшейту қажет деп тұжырымдайды.

Сонымен қатар кедендегі баж салығын да жөндеп жинау керек. Экономикада «сұр импорт» артып барады.

Шаяхметованың айтуынша, қазіргі кезде заңды жұмыс істейтін компаниялар «сұр импорт» жеткізетіндермен бәсекеге түсе алмай жатыр. Сұр импортты заңды айналымға шығарса, бюджетке түсетін кіріс те артады.

Қазақстан үкіметі қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеруге ниетті. Қазіргі кезде Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді бизнес өкілдерімен талқылап жатыр. ҰЭМ вице-министрі Азамат Әмрин бүкіл ұсыныстарды жинап 20 ақпанда Мәжілістің қарауына енгізетінін айтқан.

Сонымен қатар Үкімет жылдық қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлерге ҚҚС төлеуді міндеттемек.