
20 ақпаннан бастап кинотеатрларда көрерменге жол тартқан «Кімге керексің» фильмі – қазіргі заманғы қарым-қатынастардың шынайы бейнесін көрсететін комедия. Бұл фильм тек күлкі сыйлап қана қоймай, махаббат, өз-өзін тану және жалғыздық тақырыптарын қозғайды.
Сюжет желісі
Басты кейіпкер Асхат – ұзақ уақыт бойы бойдақ өмір сүріп келген ер адам. Үйленгеннен кейін небәрі үш айдың ішінде ажырасып кетеді. Бір күні бұрынғы әйелі Гүлжан үйіне келіп, заттарын алып кетпек болады. Алайда Асхат күтпеген жаңалыққа тап болады – Гүлжан басқа біреуге тұрмысқа шығуға дайындалып жүр екен.
Бұл жаңалық Асхаттың намысына тиіп, екеуінің арасында үлкен жанжал туындайды. Ашуға булыққан Гүлжан оның барлық кемшіліктерін бетіне басып, ешбір әйел оған тұрмысқа шықпайтынын айтып кетеді. Одан әрі Асхат эмоцияға беріліп, өзін қорғау үшін сүйіктісі бар екенін айтады. Осылайша, «Кімге керексің?» деген бір сөзге бола Асхат әйел іздеп Вьетнамнан бірақ шығады.
Фильмнің ерекшелігі
«Кімге керексің» – комедия жанрында түсірілгенімен, шынайы өмірден алынған оқиғаларды көрсетеді. Бұл фильм ер мен әйелдің қарым-қатынасындағы маңызды мәселелерді көтереді: махаббаттың өткіншілігі, ер адамдардың ішкі күйзелісі, жалғыздықтан қорқу және өз-өзін дәлелдеуге деген ұмтылыс.
Фильмде түрлі күлкілі сәттермен қатар, терең ой тудыратын диалогтар да кездеседі. Асхаттың өзіне деген сенімсіздігі, Гүлжанның эмоциялық ашуы – барлығы көрерменнің өмірінде де кездесуі мүмкін жағдайлар.
Бұл фильм, бір жағынан, ер азаматтардың қарым-қатынасқа деген көзқарасын, екінші жағынан, әйелдердің эмоционалдық тұрақсыздық кезіндегі реакцияларын көрсетеді. Сонымен қатар, жалғыздық тақырыбы қазіргі қоғам үшін өзекті болып отыр, сондықтан фильм әр көрерменге өзіндік ой салады.
Егер сіз жеңіл, бірақ ойландыратын комедия көргіңіз келсе, «Кімге керексің» киносын 20 ақпаннан бастап көре аласыз.