
Nomad каскадерлік базасында Алтын Орда туралы деректі-драмалық сериалдың түсіріліміне дайындықтар басталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин хабарлады.
Каскадерлердің қарқынды дайындығы
Nomad Stunts – әлемдік деңгейдегі жобаларда танылған кәсіби каскадерлер командасы Netflix-тің «Марко Поло», Disney-дің «Мулан», Apple Studios-тың «Наполеон» сынды алып жобаларға қатысқан. Бұл жолы да тарихи көріністерді дайындап, күрделі шайқастарды пысықтап жатыр. Каскадерлердің дайындығы аса қарқынды өтуде – тарихи қару қолдану әдістері, шабандоздық шеберліктер, жекпе-жек сахналары шынайы етіп дайындалып жатыр.
Жобаның режиссері – Эмре Сахин Netflix, National Geographic секілді халықаралық платформалармен жұмыс істеп, тарихи жобаларды түсіруде мол тәжірибе жинақтаған. Сериалдың шығармашылық бағыты туралы өз ойымен бөлісті:
«Бұл жоба тек тарихи деректерге ғана емес, сонымен қатар көрерменге әсер ететін эмоциялық атмосфераға да негізделеді. Көрермендерді тарихтың тереңіне жетелеп, шынайы шайқастарды көрсету үшін ерекше тәсілдерді қолданамыз,» -деді Сахин
Түсірілім Қазақстанда өтеді
Сериалдың ресми түсірілімі наурыз айында Қазақстанда басталады. Бұл жоба Қазақстанның тарихи мұрасын әлемге танытуға үлкен мүмкіндік береді. Жергілікті каскадерлердің, шығармашылық топтың және халықаралық деңгейдегі режиссерлердің бірлесе жұмыс істеуі жобаның сапасын жоғары деңгейге көтеретіні сөзсіз.