Астанада Sergek орнына 40 млрд теңгеге араб жүйесі орнатылады

Астанада жаңа жасанды интеллект (AI) негізіндегі қала инфрақұрылымын басқару жүйесі іске қосылады. Оның бес жылдық қызмет көрсету құны 40 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне елордалық әкімдігі жауап берді.
Sergek жобасы жұмысын тоқтатады
Белгілі болғандай, 13 наурызда Астанада Sergek жобасының мерзімі аяқталады. Оның орнына жаңа бейнебақылау жүйесі енгізілмек. Бұл жобамен Presight халықаралық компаниясы айналысады. Аталған компания G42 холдингіне тиесілі және Әбу-Дабидің (ADX) биржасында тіркелген.
Жобаның жалпы құны қанша?
Әкімдік мәліметінше, жоба 2030 жылға дейін жалғасады және оған 53 млрд теңге инвестиция салынады. Бірақ Presight баспасөз хабарламасында бұл сома 190 млн доллар деп көрсетілген.
Астананың әкімдігі бұған қатысты былай деп жауап берді:
«Жобаның жалпы құны – 93,2 млрд теңге. Оның ішінде 53,5 млрд теңге – жасанды интеллект технологияларын енгізуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған инвестициялар. Ал 39,7 млрд теңге – 2026-2030 жылдар аралығындағы жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі үшін жұмсалатын операциялық және әкімшілік шығындар.»
Әкімдік барлық қаржыландыруды шетелдік серіктес өз мойнына алатынын, оның ішінде 39 млрд теңгені де инвестор төлейтінін мәлімдеді.
Қандай өзгерістер болады?
Жаңа жүйе аясында қазіргі бейнебақылау инфрақұрылымы Presight компаниясының басқаруына беріледі. Сонымен қатар 10 000 жаңа камера орнатылып, олардың көмегімен нақты уақыт режимінде талдау жүргізіледі.
- 502 аппараттық-бағдарламалық кешен – жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларын бақылау үшін.
- 8 000 жаңа камера – мектептерде, балабақшаларда, вокзалдар мен әуежайларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған.
- AI технологиялары – жол ережесін бұзу, белдік тақпау, дұрыс емес жерде тоқтау, төбелес, қару ұстау, қаңғыбас жануарлар мен рұқсат етілмеген қоқыс тастау сияқты заңбұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды.