Заңды жиі бұзатын байларға айыппұл жеңілдігі берілмеуі керек – сенатор Марат Қожаев

Жарияланды
айыппұл жеңілдіктері
Қожаев жол ережесін жүйелі түрде бұзатындарға айыппұл жеңілдіктерін шектеу керек деп санайды / Фото: Асқар Ахметуллин; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сенат депутаты Марат Қожаев қалтасы қалың жүргізушілерге айыппұл жеңілдіктерін шектеуді ұсынды. Айтуынша, қалталы азаматтар айыппұлды жеңілдікпен төлеп, жол жүру ережесін қайта бұзады. Сенатор мұндай адамдар үшін талапты күшейту арқылы шара қолдану керек деп санайды.

Мұның алдында депутат жүйелі түрде заң бұзып, бірақ одан еш сабақ алмаған адамдарға талапты қатайтуды ұсынып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Қожаев не үшін талапты күшейтуді ұсынғанын түсіндіріп берді.

«Бір азамат жыл бойы жүйелі түрде заң бұзып, 76 рет айыппұл төлеген. Ал енді біреуі 143 рет айыппұл төлеген. Екеуі де айыппұлды жеңілдікпен өтеген. Мұндай адамдарға басқа қандай шара қолдану керек?! Оларға айыппұл ешқандай қиындық туғызбайды. Қалталары қалың. Сондықтан мен осындай ұсыныс енгіздім. Олар 10 рет жылдамдықты арттырып, жеңілдікпен айыппұл төлесе, 11-ші ретте де жеңілдік алуы қаншалықты әділ? Ондай адамдар заңға, тәртіпке бағынғысы келмей, елден ерекше болғысы келеді. Ендеше ондай адамдарға ерекше айыппұл қарастырған жөн», – дейді депутат.

Қожаев мұндай ережелерді өзі ойлап таппағанын, дәл осындай тәжірибе шетелдерде жиі қолданылатынын айтты.

Мас күйінде көлік жүргізгендерге жаза жеңілдей ме?

Сондай-ақ сенатор мас күйінде көлік жүргізетіндердің жауапкершілігін азайту мәселесіне де пікір білдірді.

«Қазір мас күйінде көлік жүргізетіндерге талап күшейді. Талаптарды бұлайша қатайтудың орынды себептері болды. Өйткені мас жүргізуші ауыр апаттарға себеп болуы мүмкін. Десе де, қазір жауапкершілікті жеңілдету мәслесесі көтеріліп жатыр. Өйткені бір қателік үшін азаматтар семьясын асырау мүмкіндігінен айырылған. Сол жағын ескереген Мәжілістегі әріптестеріміз заңға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Сенатқа келсін, біз де өз қарауымызға аламыз», – деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз