Жаңалықтар

Алматы метросының құрылысын Қытай компаниялары жүргізуі мүмкін

Алматы метросының құрылысын Қытай компаниясы жүргізуі мүмкін / Фото: kursiv.media

Алматы метросының құрылысын Қытай компаниясы салуы мүмкін. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қала әкімі Ерболат Досаев Бейжіңде Қытайдың CRCC компаниясының өкілдерімен кездесіп, ынтымақтастық мәселесін талқылаған.

«Бейжіңнің ірі компаниясы CRCC Алматыда метро құрылысына қатысуға дайын екенін білдірді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Алматы әкімі Қытай Халық Республикасына (ҚХР) жұмыс сапары аясында China Railway Construction Corporation (CRCC) компаниясының Басқарма Төрағасы Дай Хэгэнмен кездескен.

Кездесу барысында тараптар көлік инфрақұрылымы және ауқымды құрылыс жобаларын іске асыру жөнінде пікір алмасқан. Сонымен бірге метро құрылыс жүргізуге қатысты ықтимал ынтымақтастық перспективалары жөнінде сөз қозғалған. Нәтижесінде екі елі өкілдері бұл мәселені терең талқылап, ынтымақтастықты тереңдете түсуге келіскен.

Метро құрылысын Қытай банкі қаржыландыра ма?

Метро құрылысына қажет қаражатты Алмат әкімдігі Қытайдан тартуды жоспарлап отыр. 18 ақпанда Ерболат Досаев Қытайға жұмыс сапары барасында China Exim Bank-тің басшысы Ван Чуньинмен кездесіп метро құрылысын қаржыландыру мәселесін талқылаған.

Ал бұдан бұрын Досаев 1 млрд доллар көлеміндегі қаражаттың шетелден тартылатынын, AFC, Еуразиялық даму банкі, Азия даму банкі, Қытайдың Эксим банкі, Азиялық даму және Қайта құру және даму банкі сынды қаржы ұйымдарынан несие алу мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан еді.