Үміт Шаяхметова: Шетелдік банктерді елге әкелу мақсат болмауы керек

Қазақстанға шетелдік банктердің келуі жақсы, бірақ олар ел экономикасына ақша салуға мүдделі болуы керек. Бүгін Алматыда өткен Women in Bussiness форумында Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова елдегі банк секторына қатысты журналистер сұрағына жауап берді.
Шетелдік банктерді кіргізу – мақсат болмау керек
Шаяхметованың пікірінше, шетелдік банктердің келгені жақсы. Бірақ олар белгілі бір талаптарды орындауға да дайын болуы тиіс.
«Жалпы алғанда бұл қалыпты үрдіс, ірі, стандарттары жоғары шетелдік банктердің көбейгені жақсы деп есептеймін», – дейді ол.
Қазірдің өзінде қазақстандық банк секторындағы шетелдік банктер үлесі жоғары
«Қазақстандағы 21 банктің 12-і шетелдік. Банктердің жартысынан көбі – шетелдік. Алайда олардың экономиканы несиелендірудегі үлесі 5%-дан көп емес. Жалпы алғанда, шетелдік банктердің келуі – панацея емес. Шетелдік банктерді әкелу мақсат болмау керек. Олар кредит беруі үшін Қазақстанда болуы міндетті емес, бас кеңсесіндегі баланстан тікелей несие бере алады. Бірақ олар қазақстандық экономиканың, қазақстандық эмитент немесе ұжымдық клиенттердің, жобалардың тәуекелін алуға, елге ақша салуға мүдделі болуы тиіс», – деп түсіндіреді.
Ұжымдық табыс салығы барлығына бірдей көтерілуі тиіс
Үкімет банктер үшін ұжымдық табыс салығын көтермекші. Қазір 30% деген талқылау жүріп жатыр. Бұл мүлде дұрыс емес деп есептейміз. Себебі ұжымдық табыс салығы көтерілсе, барлық сала үшін бірдей өссін. Бірақ 20% деген деңгейде қала беруі тиіс», – деді ол.
Ұлттық рейтинг агенттігі қажет
Жақында Қаржы нарығын реттеу агенттігі елімізде кредиттік рейтинг агенттігі құрылатынын хабарлаған. Шаяхметова бұл агенттік нарықты дамыту жағынан қажет екенін айтады.
«Банктер әдетте рейтингті Fitch, S&P тәрізді халықаралық агенттіктерден өткізеді. Егер біздің ірі капиталдар нарығына шығу туралы жоспарымыз болса, әлбетте, бірінші халықаралық агенттіктер керек. Бірақ жергілікті қазақстандық агенттіктерді, сараптама және біліктілікті дамыту жағынан бұл (ұлттық рейтинг агенттігі – ред.), әрине, пайдалы болады деп ойлаймын», – дейді ол журналистер сұрағына.
Халық Банк мемлекетке қандай көмек береді?
Шаяхметованың түсіндіруінше, өткен жылы Халық Банк мемлекеттік көмек ретінде алған 250 млрд теңгені қайтарып берді. Оны сол кездегі нарық ойыншысы Қазкоммерцбанк (Халық банк құрамына кірді – ред) үшін алған.
» Біз Қазкоммерцбанкті сатып алғанда капиталы нөлге тең еді. Банктің капитализациясы үшін Халық банк қосымша 750 млн доллар алды», – деп түсіндірді ол. Банкирдің мәлімдеуінше, қазір мемлекеттен алған қаржы толығымен қайтарылды.
Бүгінде Halyk Bank – елдегі ең көп салық төлеуші және ең ірі қаржы ұйымдарының бірі.
«Банк секторының 50%-дан астамы – экономиканың нақты секторына несие құйған Халық банк портфелі. Біз көп нәрсе жасап жатырмыз. Инфрақұрылымдық жобалары, зауыттар мен фабрикалар, ауыл шаруашылығы, саудаға несие береміз. Банк, жауапкершілігі жоғары банк ретінде Халық Банк өте көп нәрсе жасап жатыр деп есептеймін», – деді ол журналистердің мемлекетке көмегі туралы сұрағына.
Несие беруді қатаңдату – қалыпты тәжірибе
Былтыр жеке тұлғаның несиелік жүктемесі коэффициенті қатаңдатылды. Енді борышкердің қарыз жүктемесі оның табысының 50%-нан асып кетсе, оған несие берілмейді. Үміт Шаяхметованың сөзінше, бұл – әдеттегі тәжірибе.
«Одан әрі активтердің тәуекел өлшемін қатаңдату және банктердің капитал бойынша талаптарын күшейтті. Бұл да біз үшін қалыпты жағдай. Біз үнемі қатаңдату, реттеу жағдайында өмір сүреміз және оған бейімделіп жатырмыз. Меніңше, халықтың несиелендіруін төмендету бойынша мәселе маңызды және одан әрі жалғастыру керек», – деді банкир.
Қымбат сегменттен арзан сегментке көшу керек
Қазір салық салу белсенді талқыланып жатыр. Елде инфляция деңгейі артып келеді, базалық мөлшерлеме өсіміне де әсер етуі мүмкін.
«Ол банктер тарапынан несиелендіру және қорландыру көлеміне де әсер етеді. Осы арқылы халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Бұл дегеніміз, мәселен саудамен айналысатын немесе өнім шығаратын кәсіпкер әйел қымбат тауарлар сегментінен орта және эконом деңгейге өтуі қажет. Осыған кеңес беремін», – деп түсіндірді Үміт Шаяхметова.
Оның сөзінше, ҚҚС мөлшерлемесі өссе, міндетті түрде баға өсіміне әсер етеді. Бұл енді келесі жылдан немесе осы жылдың соңынан бастап өзгеруі мүмкін. Яғни кәсіпкерлер мұның барлығы сатып алу қабілеті, маржа, өзіндік құнға ықпал ететінін ескеруі керек. Осыдан кейін қай тауар немесе қызмет түрі маржиналдылықты сақтайтынын анықтап, соған қарай бизнес бағытын таңдауға болады.
ҚҚС-ның өсуінен кейін шағын компаниялар жабылуы мүмкін
Халық Банк төрағасының сөзінше, ҚҚС көтерілуі экономикадағы көптеген салаға теріс әсер ететіні анық. Шағын компаниялар банкротқа да ұшырауы әбден мүмкін.
«Кейбір шағын компаниялар банкротқа ұшырауы мүмкін. Банкирлер ретінде бұл нәрсеге алаңдаймыз, бұл – дабыл қағатын белгі. Қазір банктердің несиелік портфелі қаншалықты нашарлауы мүмкін екенін сараптап жатырмыз», – деп түсіндірді маман.
Оның сөзінше, салықты көтеруден бұрын салықтық басқаруды жетілдіруге назар салу қажет. Егер салықтық әкімшілікті дамытса, қазіргі 12% жүктемемен-ақ бюджетті толтыруға болады деген пікірде.