ЖІӨ өсімі бойынша Қазақстан Қырғызстан мен Беларусьтан кейінгі орында

ЕАЭО елдері арасында ЖІӨ өсімі жағынан Қазақстан Қырғызстан мен Беларусьтан кейін үшінші орында. 2024 жылы елдегі көрсеткіші 4,8%-ды құрады. Қырғызстан ЖІӨ өсімі 9%-ды, Беларусьта 4% -ға тең. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссиясы жариялаған статистикада жазылған.
Қазақстан негізгі капиталға инвестиция (0,6%) бойынша, өнеркәсіп өндірісі (2,7%) бойынша артта қалған. Бірақ агроөндірістік кешен өсімі (13,7%), құрылыс жұмыстарының көлемі жағынан (13,1%) көшбасшы атанды.
2024 жылдың қаңтар-желтоқсанында жүк айналымы бойынша Қырғызстан (6%) мен Қазақстан (2,6%) алда, ал Беларусь (1,5%) пен Ресей (0,4%) кейінгі орында. Дәл осы уақытта жолаушылар тасымалы Қазақстанда 13,8%-ға, Беларусьта 9,1%-ға, Ресейде 6,3%-ға және Қырғызстанда 5,3%-ға өсті.
Ауыл шаруашылығы
Былтыр ЕАЭО-ның барлық елдерінде ауыл шаруашылық өнімдері өндірісі 2023 жылмен салыстырғанда 0,3%-ға төмендеді. Бұған Ресейдегі өндіріс көлемінің айтарлықтай төмендегені әсер етті, бірақ ЕАЭО-ның басқа мүше елдерінде өзара өсім байқалады.
Тұрғын үйді пайдалануға беру
2024 жылдың қаңтары мен желтоқсан аралығында ЕАЭО елдерінде баспана беру көлемі 0,7%-ға азайған. Дегенмен Арменияда (80,8%), Қазақстанда (6,4%) және Беларусь елінде (4,7%) өсім көрсеткен. ал Қырғыстан (14,6%) мен Ресейде (2,4%) төмендеу байқалды.
Жұмыссыздық деңгейі
Өткен жылы ЕАЭО елдері арасында жұмыс іздегендер саны да азайды. 2024 жылдың желтоқсанындағы есеп бойынша (2023 жылдың желтоқсанымен салыстырсақ) екі қолға бір күрек іздегендер көлемі Ресейде 30,3%, Қырғызстанда 22,8%, Арменияда 11,9%, Беларусь елінде 10,7%-ға азайған. Ал Қазақстанда жұмыс іздегендер керісінше 4,8%-ға көбейген.
Дәл осы кезеңде жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар саны Ресейде 31,8%, Қырғызстанда 24,8%, Беларусьта 21,2%, Арменияда 18,4%-ға төмендеді. Ал Қазақстанда ол 13,6%-ға көбейді.
ЕАЭО елдері арасында азық-түлікке ең көп жұмсайтын да – Қазақстан азаматтары. Ел тұрғындары тамаққа табысының 51%-ын, ал ресейліктер 32,9%-ын бөледі екен.