Авто

Отандық өндірісті қолдау: бүгіннен бастап автонесие алу жеңілдеді

Отандық автокөлікке несие алу жеңілдеді / фото: shutterstock

Қазақстанда 20 ақпаннан бастап отандық көлік алу үшін автонесие рәсімдеу жеңілдеді. Бүгін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тиісті қаулысы күшіне енді.

Заң талабын қарапайым тілмен түсіндірсек:

Мәселен, сіз отандық автомобиль сатып алу үшін қаржы мекемесінен автонесие алуға өтініш бердіңіз. Бірақ бұған дейін алған несие бойынша қарызыңыз бастан асады. Соны ескерген қаржы мекемесі өтінішіңізді мақұлдамай тастауы әбден мүмкін.

Алайда бейсенбіден бастап күшіне енген қаулыға сәйкес, отандық автомобиль үшін несие алу кезінде азаматтың қаржы мекемелері алдындағы басқа да борышы ескерілмейді. Бұған қоса, автонесиені 4% мөлшерлемемен ала аласыз.

Қаулы күші 2027 жылға дейін ғана жарамды.

Қаржы нарығын дамыту агенттігінің хабарлауынша, құжат отандық автомобиль өндірісін қолдау мақсатында қабылданды.

Отандық автоөндіріс туралы

2024 жылы Қазақстанда шамамен 147 мың, ал 2023 жылы 149 мыңнан аса автомобиль шығарылған.

Бұған қоса, 2025 жылдың жазына дейін Алматы қаласында жаңа Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауыты іске қосылады. Онда Changan, Chery және GWM (Haval мен Tank) секілді Қытай автокөліктері құрастырылады.

Жергілікті автоөндірісті дамыту импортқа тәуелді болып қалудан сақтайды, бұған қоса көпшілік сұранысына ие көліктерді жеткізу мерзімі қысқаруы мүмкін. Жергілікті өндіріс Қытай автокөліктерінің бағасына да әсер етеді деген болжам бар. Қазақстанда осы елдің автомобильдеріне сұраныс көбейіп келе жатқаны мәлім.