Диктатор. Арсыз. Әлем лидерлері жаға жыртысып жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамптың украин басшысы Владимир Зеленскийді «диктатор» деп атауы әлем лидерлері арасында бірнеше күннен бері толастамай тұрған сөзжарысты одан сайын өршітті. Кім не деді?
Зеленский диктатор ма?
«Сайлау өткізбеген диктатор. Зеленскийге тезірек қамдану керек, әйтпесе оның елінен түк қалмайды.
Бұл уақытта біз Ресеймен соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздерді сәтті жүргізіп жатырмыз. Трамп қана, Трамп әкімшілігінің ғана қолынан келетін іс екенін бәрі мойындайды.
Мен Украинаны жақсы көрем, бірақ Зеленский жұмысы нашар, оның елі қирап жатыр, миллиондаған адам босқа қырылды. Әлі де қырылып жатыр», – деп жазды Трамп өзінің truthsocial әлеуметтік желісіне.
Украина президентіне алғашқылардың бірі болып Германия канцлері Олаф Шольц араша түсті.
«Президент Зеленскийдің демократиялық жолмен билікке келген заңды басшы екенін мойындамау қауіпті. Дұрыс емес. Владимир Зеленский – Украинаның халық сайлаған басшысы.
Соғыс кезінде сайлау өткізу мүмкін еместігі украин конституциясы мен сайлау заңында айтылған. Оны ешкім жоққа шығара алмайды», – деді Шольц.
Диктатор деп айыптау үшін қаншалықты арсыз болу керек?
Неміс канцлері дипломатия тілімен жұмсақтау жауап қатса, Чехия президенті Петр Павел қаттырақ айтты.
«Үш жылдан бері көрші тұратын ядролық державаның басқыншылығынан қорғанып жатқан елде сайлау өткізу қаншалықты дұрыс? Жағдайы осындай елдің басшысын диктатор деп атау үшін қаншалықты арсыз болу керек?» – деп жазды чех президенті X әлеуметтік желісіне.
Украина президенті Владимир Зеленский өзіне қолдау көрсеткен көпшілікке алғыс айтты. Олардың арасында АҚШ сенаторы Линдси Грэм де бар. Украин басшысына қолдау көрсеткендер арасында Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармерді атап өтуге болады.
Зеленскийді сынағандар арасында миллиардер Илон Маск, Ресейдің экс-президенті Дмитрий Медведев бар.