Staycation тренді: үйде өткізетін демалыстың қандай артықшылығы бар?

Жарияланды 20 Ақпан 2025 08:16

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Staycation тренді: үйде өткізетін демалыстың қандай артықшылығы бар?
Staycation тренді: үйде өткізетін демалыстың қандай артықшылығы бар?/Фото: shutterstock

Жұмыстан еңбек демалысын алған соң, міндетті түрде шетел асу керек не басқа қалаға бару керек деп ойласаңыз, қателесесіз. Тіпті әдемі әсерге шомып, жағымды эмоцияға толғыңыз келсе үйде жатып-ақ ғажап демалыс ұйымдастыруға болады. Кейінгі кездері staycation — яғни тұрған жеріңізден алыстамай, сол жерде өткізетін еңбек демалысы деген әдіс кең танылып келеді. Стейкейшн деген не, оның қандай пайдасы бар — осы туралы айтайық. 

Staycation дегеніміз не?

Бұл термин ағылшын тіліндегі stay («қалу») және vacation («демалыс») деген сөздерінен шыққан. Яғни үйде демалу дегенді білдіреді. Мұндай демалыс кезінде адам өз қаласынан һәм ауылынан шықпай уақыт өткізеді.

«Онсыз да демалыста ауылда өткізіп жүрміз, оның несі жаңалық» десеңіз де қателескен болып шығасыз. Себебі стейкейшннің ерекшелігі бар. Бұл — бұрын күнделікті күйбеңмен байқамай жүрген нәрселерді байқауға, туған жеріңе саяхатшы көзімен қарауға мүмкіндік беретін тәсіл. Жергілікті тарих пен мәдениетке жаңаша қарап көресіз. Мұндай демалыс түрі әлемде қаржы дағдарысы болған тұс — 2008-2009 жылдары пайда болды. Материалдық жағдайы көтермеген соң, көпшілік демалыста үйде қалуды жөн көрген екен. Сөйтіп алысқа бармай-ақ, сапалы уақыт өткізуге болатынына көзі жеткен.

Сол дәстүрдің екінші толқыны пандемия кезінде қайта дүрілдеді. Шекаралар жабылып, «қалада қамалып қалғанда» стейкейшннан басқа амал қалмаған еді. Бірақ оның пайдасы мол екенін осы жолмен демалып көргендер жақсы біледі. Негізі стейкейшн қаржылық қиындық не жоқшылықтан емес, шынында жаңа нәрсе тануға деген құштарлықтан туындайтын, саналы түрде жасаған таңдау болуы керек. Өйткені демалыстың бұл түрінің артықшылығы көп. Осы ретте басты ерекшеліктеріне тоқталайық.  

Демалысты үйде өткізгеннің артықшылықтары

  • Әдетте біз өз қаламызда жүргенде көп нәрсеге мән бере бермейміз. Болмаса, жұмысқа асыққаннан айналада болып жатқан дүниелерді байқамауымыз мүмкін. Таң атқаннан асығып-үсігіп жұмысқа дайындаламыз. Баласы барлар оның алдында мектеп, балабақшаға балаларын апарып тастайды, кейбірі тіпті таңғы асын асықпай ішіп үлгерместен аялдамаға жүгіреді. Былайша айтқанда қарбаласта жүреміз. Мұндай қарқынмен қаланың архитектурасына, ескерткіштерге, көрікті жерлерге көз тастап үлгермеуіміз мүмкін. Болмаса, жай ғана саябақты жаяу аралап, қамсыз отыруға да уақыт бола бермейді. Ал енді стейкейшнде осының бәрін асықпай орындауға болады. Қала тарихына терең үңіліп, байқамаған біраз нәрсеге куә боласыз.   
  • Жақындарыңызға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туады. Мысалы жыл сайын еңбек демалысында теңізге кететін әдетіңіз болса, қасыңызға тума-туыс, дос-жаранды түгел алып кете алмайсыз, солай емес пе? Ал стейкейшнде жақындарыңызбен ұзағырақ уақыт өткізе аласыз. Дәмді тамақ істеп, кешке бәрінің басын қоссаңыз болады. Болмаса, былайғы күні көрісудің реті түсе бермейтін достарыңызға уақыт арнай аласыз. 
  • Жаныңыз тыныш болады. Өйткені саяхатқа шыққан кезде қанша жерден демалыста жүрсеңіз де, миыңызда сан-түрлі жоспар жүреді. «Бірінші ана жерге барамын», «ол үшін мына жолмен жүремін», «трансфер шақыру керек», «қонақүйді брондауды ұмытпайын» дегендей бәрін ұйымдастырып жүресіз. Ал стейкейшн кезінде өзіңізге өте жақсы таныс жер болғандықтан, қалағаныңыз алдыңыздан табыла кететін болады. 
  • Ең жағымды плюстерінің ішінде қалтаны қақпайтыны бар. Бір жыл тоқтаусыз жұмыс істеген адамның еңбек демалысына материалдық шығын шығарғанында тұрған ештеңе жоқ, әрине. Бірақ қанша жерден шашылуға рұқсат десеңіз де, үнемдеп, қалтада көбірек ақша қалғаны кімге болсын ұнайды, солай емес пе? Мысалы шетелге шығатын болсаңыз, барып-қайтар билет, жататын жердің құны жоспарлаған бюджеттің ішінен ойып тұрып орын алады. Ал енді өз қалаңызда демалсаңыз, әлдеқайда шығын азырақ болады. 

Стейкейшнді қалай өткізуге болады?

  • Кез келген демалысқа жоспар керек. Мейлі, өз қалаңызда жүретін болсаңыз да, жинақылық қажет-ақ. Ол үшін, ең алдымен, бұрын-соңды барып көрмеген жерлердің тізімін жасаудан бастаңыз. Мысалы қанша жыл Астанада тұрсаңыз да, бірде-бір рет Ұлттық музейге кірмеген болуыңыз мүмкін. Болмаса, Алматыда тұрып Тереңқұрға барудың сәті түспеген дегендей. Он жерден қаланы он саусағымдай білемін десеңіз де, мән бермеген жерлер табылары анық. Сондықтан картаны ашыңыз да, қызық әрі бұрын бармаған локацияларды шолып шығып, тізім жасаңыз. Қай жерге баратын болсаңыз да, өзіңізді саяхатшы сияқты сезініңіз. Бірінші рет көріп жатқандай таңғалыспен, таңданыспен қабылдаған сайын өзіңізге жақсы әсер сыйлайсыз.
  • Жергілікті кітапхана, музейлерге баруды бөлек бөлім қылып арнаңыз. Сіздегі мақсат — қала һәм ауылыңыз туралы барынша көп ақпаратқа қанық болу. Ол үшін аймақтану секцияларындағы кітаптарды оқып шығыңыз. Музейлерге барып, ондағы қызметкерлермен асықпай тілдесіңіз. Бұрын білмеген көп факт алдыңыздан шыққанда таң қаласыз.  
  • Қонақүйден нөмір алып, түнеп шығыңыз. Әлемнің небір мықты қонақүйлерінде болып көрсеңіз де, өз қалаңыздағы қонақүйлерге мүлдем бармаған болуыңыз мүмкін. Себебі күйбең тіршілікпен біз бұл туралы көп ойлана бермеуіміз — заңдылық. Сондықтан туған жеріңізде өзіңізді құдды қонақтай сезініп көріңіз. Көрінісіне көз тоймайтын жерден қонақүй жалдап, демалыңыз. Асықпай таңғы ас ішіп, жан-жаққа көз тастап отырған ғажап емес пе? 
  • Сүйікті жерлеріңізде көбірек уақыт өткізіңіз. Әркімнің өзіне ұнайтын бір бұрышы болады. Стейкейшн кезінде сол бұрышта мейлінше ұзағырақ уақыт өткізуге мүмкіндік туады. Біреуге саябақта серуендеген ұнауы мүмкін. Олай болса, стейкейшнде сол саябаққа көп барып, пикник ұйымдастырыңыз. Автобусқа мінген ұнаса, бағыт-бағдарсыз, қаланы бастан-аяқ кезіп көріңіз. Турист сияқты қыдырыңыз. Осы кеңестерді назарға алсаңыз, үйде өткізген демалыстан шын мәнінде рахат алып, жұмысқа мол энергиямен ораласыз. Стейкейшн жақсы өтсін!   

Еске сала кетсек, бұған дейін «2025 жылы еңбек демалысын қай кезде алған тиімдірек?» деген тақырыпта материал жариялаған едік. Соған сәйкес, биыл сәуір, шілде, қазан және желтоқсан айларында 22 жұмыс күні болғандықтан, қаржы тұрғысынан алып қарағанда осы кезеңдерде көбірек төлем беріледі.

Сондай-ақ оқыңыз