Елдегі ауылдарды дамытуға 1 трлн ақша жұмсалады. Елдімекендерде ілгерілеу бар ма?

Қазақстанда ауылдарды дамытуға жұмсалатын қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып жатыр, алайда оның өзі елдімекен әлеуетін көтеруге жетпейді. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, елдімекендерді жақсартуға бағытталған түрлі бағдарламаларға бюджеттен шамамен 1 трлн теңге бөлінеді.
Мәжіліс кулуарында журналистер вице-министрден ауылдағы халықтың жағдайы неге жасалмай жатқанын сұрады. Сондай-ақ ауылдарды дамытуға бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін нақтылады.
«Ауылдарды дамытуға түрлі бюджеттік бағдарламалар аясында шамамен 1 трлн теңге бөлінеді. Бұған инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік инфрақұрылым, АӨК-ті қолдау, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша бюджет бағдарламасы кіреді. Жалпы сипаттағы трансфертті есепке алғанда, осы бағдарламаға шамамен 177 млрд теңге бағытталады. Мұнда ең маңыздысы – қаржыландыру жыл сайын ұлғайып келеді», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары бұл жобаның бюджеті шамамен 7 есеге өскен.
«Иә, қаражаттың жетіспеушілігі әрдайым бар. Дегенмен өңірлік стандарттар жүйесі бойынша мемлекеттік органдар мен Үкімет жүргізген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендер мен олардың инфрақұрылымының қамтылу деңгейі 64%-ды құрады», – деп толықтырды министр орынбасары.
Ол 2024 жылдың нәтижесін 2022 жылмен салыстырып, бұл көрсеткіштің 1,8%-ға жақсарғанын айтады.
«Егер бүкіл Қазақстан бойынша алатын болсақ, бұл қысқа уақыт ішінде өте жақсы нәтиже», – деп түсіндірді ҰЭМ вице-министрі.
Бүгінде Қазақстанда 6,2 мың ауыл бар. Қазақстандықтардың 7,6 миллионы ауылдағы ағайындар, бұл дегеніміз ел халқының 38,4%-ын құрайды. 7,6 млн адамның шамамен 550 мыңының (7,5%) күнкөрісі төмен, яғни 43 мың теңгеден аз жалақы алады. 357 мыңнан астам адам (4,7%) жұмыссыз болса, 1,2 миллион адам (33%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады.