Жаңалықтар

2025 жылғы қажылық: туроператорды таңдау, қажетті құжаттар, вакцина мен шығын

2025 жылғы қажылық: туроператорды таңдау, қажетті құжаттар, вакцина мен шығын/shutterstock

Рамазан айы биыл көктемнің алғашқы күніне сәйкес келіп тұр. Мұсылман қауым үшін осынау қасиетті мереке қарсаңында Kursiv.Media тілшісі 2025 жылы қажылық өтегісі келетіндер үшін маңызды жайттарды баяндайды. Қасиетті сапардың шарттары мен талаптары, құны туралы ақпарат береді.

Кіші қажылық (Ұмра) пен үлкен қажылықтың айырмашылығы

Қажылық ислам дінінде әр мұсылманға міндеттелген 5 парыздың бірі. Алайда шариғат талаптарына сай, парыз үлкен қажылыққа барған кезде ғана өтелген болып саналады. Қажылықтың бұл түрлері ұқсас болғанымен, біршама айырмашылыққа ие.

ҚМДБ үлкен қажылық та, кіші қажылық та Меккеге сапармен басталып, ихрам кию, Қағбаға тауап ету, Сафа мен Маруа жоталары арасында жүгіру және шаш алу секілді бірқатар діни ғұрыптармен ұштасатынын айтады.

Алайда үлкен қажылыққа ғана тән амал-әрекеттер болады. Мәселен, Мина жазығында бірнеше күнге қалу, Мұздалифада түнеу, Арафа тауында тұру.

Ал кіші қажылықта орындалуы тиіс рәсімдер бірнеше сағат ішінде аяқталады, сондықтан ұмраны «кіші қажылық» деп атаған. Ал қажылықтың рәсімдерін толық атқаруға кем дегенде 4 күн, 3 түн кетеді.

Одан кейін үлкен қажылық тек Зул-Хижжа немесе құрбан айт болатын айда жасалатын болса, кіші қажылықты жылдың кез келген мезгілінде өткеруге рұқсат етілген.

Қажылық кімге парыз

Жоғарыда қажылық әр мұсылманның өмірінде бір рет жасауға тиіс парыздарының бірі екенін айттық. Алайда мұнда өзіндік шарттар бар. Қажылыққа барушыға төмендегідей нақты талаптар қойылған:

• Ақыл-есінің дұрыс болу;

• Кәмелетке толу;

• Қажылыққа барып келгенше, бала-шағасына жететін қаражаты болу және қажылық жасауға шамасы жететінін сезіну;

• Жасаған күнәларын мойындап, тәубеге келу; 

• Өзін ренжіткен адамды кешіру;

• Қажылық жасауға ниеттенген адам кететін қаражатына, жол шығынына өкінбеу;  

• Қажылыққа жұмсалатын пұлды адал жолмен табу;

• Жиналған ақшадан зекет салығын төлеу;

• Қайыршы, мүсәпірлерге садақа тарату;

• Қажылыққа баруына кедергі жоқ болу (мысалы, түрмеде отырған мұсылмандар қажылық ғибадатын орындауға міндетті емес);

• Жол тыныштығы болу. Яғни қажылыққа аттанған адам да, оның мал-дүниесі де кез келген қауіп-қатерден қорғалған болуы тиіс.

Әйелдер де ер адамдар секілді қажылыққа барады. Алайда күйеуге шыққан әйел адам қажылыққа барғысы келсе, алдымен күйеуінен рұқсат сұрауы керек. Егер қажылыққа алғаш рет барғалы тұрса, онда күйеуі міндетті түрде рұқсат беруге тиіс. Ал екінші, я одан да көп рет баруға ниеттенсе, «күйеуімен ақылдасуы керек» делінген шариғат талаптарында. Әйел адам қажылыққа жалғыз бара алмайды, не күйеуіне еріп, не туысқанымен (махрам) барғаны ләзім.

Туроператорды қалай таңдаған дұрыс

Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі 2025 жылғы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың орын бөліп отыр. Осы 10 мың орын Қазақстан мұсылмандары діни басқарасының тексеруінен өткен туроператорларға қаржылық мүмкіндігіне қарай бөлінетін болады. 2025 жылы Қазақстанда қажылық сапарды ұйымдастыруға 15 оператор рұқсат алған.

Туроператорды таңдарда осы тізімде барына көз жеткізіп алу керек.

Одан кейін тізімде болған күннің өзінде туроператор туралы сұрастырып ақпарат жинап көріңіз. Интернеттен, әлеуметтік желіден, бұрын қызметін пайдаланған кісілерден тураператор туралы пікір жинау сапардың жайлы болуына септеседі.

Сенімділік үшін компания лицензиясының көшірмесін, бұрын кісілерді қажылыққа апарғанын растайтын құжаттарды көріп алған артық етпейді.

Қажылыққа тіркелген әр азаматқа тізімде барын растайтын арнайы туркод беріледі. Мұны міндетті түрде туроператордан сұрап алу керек. Сосын қандай да бір келеңсіздіктер орын алмас үшін қажылыққа апаратын компаниядан қонақүй, тамақтану, көлік, Мина және Арафаттағы қызметтердің төленгені туралы құжаттарды талап етіңіз.

Қажетті құжаттар тізімі

Төлқұжат. Шетелдік паспорт визаның қолданылу мерзімі аяқталған сәттен бастап жарамдылық мерзімі кемінде 6 айдан көп болуы керек;

Төрт фотосурет. Ақ фонда түсірілген 4×6 өлшемді төрт түрлі-түсті фотосурет (әйелдер орамалмен түсу керек)

Туыстық құжат. 45 жасқа дейінгі әйелдер еріп жүрушілермен (махрам) туыстық дәрежесін растайтын құжаттың түпнұсқасы.

Менингитке қарсы вакцинация туралы халықаралық сертификат. Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы 10 ақпанынан бастап Сауд Арабиясына баратын әр адам менингококк инфекциясына қарсы екпе салдыруы қажеттігі туралы хабарлаған. Бұл инфекция таралмауы үшін жасалған алдын алу шарасы екені, оны кем дегенде 10 күн бұрын салу қажеттігі айтылды.

Алайда Kursiv.Media тілшісі сөйлескен үш туроператор аталған вакцина әзірге бұрынғыдай үлкен қажылыққа ғана міндеттеліп отырғанын, кіші қажылыққа жамағат вакцинасыз барып жатқанын айтты.

Үлкен қажылыққа баратындар үшін вакцинаны салуды туроператорлар ұйымдастырады. Олар қазіргі уақытта қажылыққа баратындар үшін Қазақстанда менингитке қарсы вакцина жоқ екенін, қажыларға екпені Ташкентте, Дубайда салып жүргенін жеткізді.

Қажылық құны

Туроператрлар қызметінің құны, таңдалған пакет түріне қарай кіші қажылық орташа есеппен бір кісіге 600 мың теңгеден, 1 млн теңгеге дейінгі аралықта болады.

Ал үлкен қажылыққа шамамен 3-5 млн теңге аралығында қаржы кетеді.

Бұған барып-қайту, жатын орын, тамақ, қасиетті жерлерді аралату сияқты қызметтер кіреді.

Одан бөлек түрлі заттар, кәдесый, жершілікті сим карта аламын десеңіз доллар түрінде қосымша ақша ала шыққан дұрыс.

Қауіпсіздік

– Қажылық өтеуші мінәжат орындарына барғанда, қалтаға шығаруға оңай құжаттардың көшірмесін салған дұрыс. Ал түпнұсқа құжат пен ақшаны ішкі қалтаған салған жөн.

ҚР консулдығының, елшілігінің, қажылық компаниясы өкілдерінің, қонақүйдің мекенжайлары мен телефон нөмірлері жазылған қағаз алып жүргені абзал;

– Тұрақтаған қонақүй мен шатырдың арасындағы жолды жаттап алған дұрыс;

– Қанша ыстық болса да салқын cу ішпеу керек;

– Төтенше жағдайда шығатын есіктердің қайда орналасқанын үнемі біліп жүру керек;

– Қатты нөсер кезінде төбелер мен биік жерлерге шыққан жөн. Ағысы қатты жерлерден сақ болған абзал;

– Кептеліс кезінде адамдар қысылып қалып жатса, мейлінше сабырлы болу керек.

– Жанжалдасудан аулақ болған дұрыс;

– Шаршаған кезде зорықпай демалып, күш жинап алған жөн;

– Топтан қалып қоймау керек.

Бұған дейін де Рамазан айын мәнді өткізуге көмектесетін мәліметтер жиынтығын ұсынғанбыз.