Жаңалықтар

Димаш Құдайберген бейбітшілікті насихаттағаны үшін «Ізгі ниет елшісі» атанды

Димаш Құдайберген бейбітшілікті насихаттағаны үшін "Ізгі ниет елшісі" атанды
Димаш Құдайберген бейбітшілікті насихаттағаны үшін «Ізгі ниет елшісі» атанды/Фото: Мәулен Әшімбаевтың фейсбук парақшасы

Талантты әртіс Димаш Құдайберген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің «Ізгі ниет елшісі» атанды. Оған елші белгісін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев табыс етті.

Сенат төрағасы фейсбуктегі жазбасында қазіргі уақытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.

Оның сөзінше, дайындық аясында Съездің дінаралық диалогты дамытуға және бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілетуге арналған идеяларын дәріптеу ісіне баса мән беріліп келеді.

«Осы мақсатпен былтыр әлемнің әртүрлі мемлекеттеріндегі белгілі қоғам және дін қайраткерлері Съездің Ізгі ниет елшілері болып сайланған еді. Олардың қатарында талантымен дүние жүзіне танылған отандасымыз, әнші Димаш Құдайберген де бар. Осыған байланысты Димаш бауырымызбен арнайы кездесіп, оған Ізгі ниет елшісі белгісін ресми түрде табыс еттім», – деді Әшімбаев желідегі жазбасында.

Сенат Төрағасы Димаш қазақтың ұлттық мәдениетін дәріптеумен қатар өнер арқылы бейбітшілік пен ізгілік идеяларын насихаттауға да үлкен үлес қосып келе жатқан дарын иесі екенін атап өтті. Ал бұл маңызды миссия Съездің құндылықтарымен де үндесетінін жеткізді.

«Алдағы уақытта Димаш өнерімен және креативті жобаларымен бірлік пен келісімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге өз үлесін қоса береді деп сенемін. Талантты бауырымызға шығармашылық табыс және барлық бастамаларына сәттілік тілейміз!»,  – деді ол.

Димаш Құдайберген былтыр елдегі әр саланың үздіктері қатарында төртінші рет «Жыл мәдениет қайраткері » лауреаты атанған.

Сондай-ақ бұған дейін Димаш Құдайберген дүлдүл әнші Бибігүл Төлегеноваға мерейтойының құрметіне бағалы бұйым тарту еткенін жазғанбыз.